Қазақ спортындағы легионерлер мәселесі әрдайым көпшіліктің назарында жүреді. Бұған дейінгі кезеңде еліміздің спорты посткеңестік елдердің атлеттерімен толықса, бүгінде алыс аймақтардан, Африкадан да спортшыларды алдырып жатырмыз. Осыған байланысты Sportbugin.kz әр жылдары Қазақстан атынан Олимпиада мен әлем біріншіліктеріне қатысып, жүлде алған соң шетелге кетіп қалған спортшылар тізімін жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мхитар Манукян (Армения) – грек-рим күресі
Мхитар Манукян грек-рим күресінен 63 кг дейін салмақ дәрежесінде екі дүркін әлем чемпионы (1998, 1999). 2004 жылы өткен Афина Олимпиадасының қола жүлдегері. 1997 жылы Дәулет Тұрлыхановтың шақыртуымен Қазақстанға келіп, 2015 жылы АҚШ-қа көшіп кетті.
Геннадий Лалиев (Ресей) – еркін күрес
Геннадий Лалиев 2004 жылы өткен Афина Олимпиадасының еркін күрестен 74 кг дейін салмақ дәрежесінде күміс жүлдегері. Сондай-ақ ол әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген (2003). 1999 жылдан бері Қазақстан намысын қорғаған. Қазіргі таңда Владикавказда тұрады.
Леонид Спиридонов (Якутия) – еркін күрес
Леонид Спиридонов ұзақ жылдар бойы еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі болды. Ол екі бірдей Олимпиадаға қатысып, жүлдесіз қалған. Бірақ Леонид Спиридонов 2006 жылғы Азия чемпионы, 2010 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері. Қазіргі таңда Якутияның спорт министрі.
Алла Важенина (Ресей) – ауыр атлетика
Ауыр атлетикадан Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Кейіннен осы бәсекеде топ жарған қарсыласы допингпен ұсталып, Олимпиаданың алтыны Алла Важенинаға бұйырды. Олимпиададан соң дереу Ресейге қайта оралып, спорт мектебін басқарған. Қазіргі таңда Губкинск қаласындағы спорт басқармасының басшысы. 2007 жылға дейін Ресей намысын қорғады.
Таймураз Тигиев (Ресей) – еркін күрес
Осетиндік балуан еркін күрестен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған. 2014 жылы оның сынамасынан допинг табылып, жүлдесінен айырылды. Тигиев те өзінің туған жеріне қайта оралған.
Даниал Гаджиев (Ресей) – грек-рим күресі
Даниал Гаджиев грек-рим күресінен Лондон Олимпиадасында Қазақстан балуандары арасынан жалғыз медальді жеңіп алды. Батыс Қазақстан облысының атынан сынға түсіп, қымбат көлік, бағалы сыйлықтар алды. Қазіргі таңда балуанның нақты қайда екені туралы мәлімет жоқ. Бірақ жергілікті спортшылар Гаджиевтің атамекеніне оралғанын айтады.
Георгий Цурцумия (Грузия) – грек-рим күресі
Цурцумия Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері. Ұзақ жылдар бойы Қазақстанда еңбек етті. Қазір оның нақты қай елде жүргені белгісіз.
Марид Муталимов (Ресей) – еркін күрес
Марид Муталимов Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері. Қазіргі таңда Маридтің нақты қайда және немен айналысатыны туралы жанкүйерлер біле бермейді.
Айта кетелік, санаулы күндерден кейін Париж Олимпиадасы басталады. Байрақты бәсеке 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы ел намысын қорғайды. Олар спорттың 25 түрінен бақ сынайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2135631-qazaqstan-qorzhynyna-zhulde-salyp-keiin-elden-koship-ketken-sportshylar-kim/