Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев Парижде өткен Олимпиада ойындарында шәкірттерінің сәтті өнер көрсетуінің себебін айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Біздің жеңіске жетуіміздің құпиясы неде? Меніңше, бұл – бірлікте. Біз тәулік бойы, күн сайын тыңғылықты жұмыс жүргіздік. Әр спортшыға арнайы жеке жаттықтырушы тағайындадық. Қателесуге жол жоқ еді. Президентіміздің қолдауын сезіндік, барлық жағдайды жасады. Ешқандай тапшылық болмады.
Мен әрбір жаттықтырушыға өз жұмысы бойынша жоспар құрдым. Мысалы, кубалық жаттықтырушыға: "Стадиондағы кешкі жаттығу – сенің жұмысың", ал кардио жаттықтырушыға: "Таңертеңгі жаттығу – сенің міндетің" деп айтатынмын. Әр жаттықтырушы өз міндетін жан-тәнімен орындады, олар өз жұмысын жоғары деңгейде атқарды. Мен әрқайсысын қадағаладым.
Жігіттерге де сендім: біздің құрамада менталитет, ұлтымыздың әдет-ғұрпы сақталған. Біз барлығын елге, туған-туысқа, отбасына арнаймыз – жігіттер жанын салып, соңына дейін күреседі. Дайындыққа қатысты барлық мәселені жоғары деңгейде орындадық, өзім де жұмысымнан ләззат алдым", - деді Толқын Қылышев Youtube желісіндегі "Студия бокса Виктора Ялымова" арнасына берген сұқбатында.
Айта кетейік, бокстан Өзбекстанның ерлер құрамасы Париж Олимпиадасында 5 алтынға ие болды. Бұл додада чемпион атанған боксшылар: Хасанбой Дусматов (51 кг дейін), Абдумалик Халоков (57 кг дейін), Асадхуджа Муйдинхуджаев (71 кг дейін), Лазизбек Муллажонов (92 кг дейін), Баходир Джалолов (92+ кг).
Бокстан Қазақстан құрамасы да Париждегі Олимпиада ойындарында жеті салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Тек 80 кг дейінгі салмақта жұдырықтасқан Нұрбек Оралбай Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.
14 тамызда Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша өткізілген кеңес нәтижесінде бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен қызметінен босатылды.
16 тамызда Қайрат Сәтжанов бокстан Қазақстан ерлер құраманың бас бапкері қызметіне тағайындалған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2150496-zhigitter-songyna-deiin-kuresedi-bokstan-ozbekstan-quramasynyng-bas-bapkeri-zhengiske-zhetuding-qupiiasyn-ashty/