Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесті, алайда бұл шараға гимнаст Нариман Құрбанов қатысқан жоқ. Берік Уәли спортшы неліктен президентпен кездесуге келмегенін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Президенттің баспасөз хатшысының айтуынша, Олимпиада жүлдегерінің денсаулығы сыр берген.
"Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде өткен XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған спортшыларға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Өкінішке қарай, Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов сырқатына байланысты салтанатты шараға қатыса алмады. Оған тезірек сауығып кетуін және жаңа спорттық жетістіктер тілейміз!" - деп мәлімдеді ол.
Еске салсақ, спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының мүшесі Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған еді.
Бүгін Тоқаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға қатысушы спортшылар мен бапкерлерді Париж Олимпиадасындағы жетістіктерімен құттықтап, әрбір жеңіс зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі екеніне назар аударды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2154036-berik-uali-gimnast-nariman-qurbanov-toqaevpen-kezdesuge-nelikten-barmaganyn-tusindirdi/