Париж Олимпиадасына қатысқан угандалық жеңіл атлет Ребекка Чептегей ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Уганда жеңіл атлетика федерациясының Х әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
33 жастағы жеңіл атлет Париждегі дүбірлі додаға қатысып, 44-орын алған еді. Ал бұл оқиға Олимпиададан кейін болды. Еліне оралған Чептегей мен оның бұрынғы жігіті сөзге келіспей қалып, араларында жанжал туған. Кейін қылмыскер түнде Чептегейдің үйіне барып, үстіне бензин құйып өртеп жіберген. Екеуі көршілерінің арқасында сол жерде ажалдан аман қалады. Бірақ денесінің 75 пайызын күйік шалған спортшы қыз бірнеше күннен кейін ауруханада жан тапсырды.
"Біздің спортшымыз Ребекка Чептегейдің қайтыс болуына қатты қайғырдық. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Біз мұндай актілерді айыптаймыз және әділеттілікке шақырамыз. Оның жаны тыныштықта болсын", - делінген федерация хабарламасында.
Айта кетейік, bbc.com басылымының ақпараты бойынша ерлі-зайыптылар жер мәселесіне келіспей жанжалдасқан. Сонымен қатар спортшының бұрынғы жігіті де ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген көрінеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2157669-zhigiti-tiridei-ortep-zhibergen-olimpiada-qatysuyshysy-koz-zhumdy/