Спорт

Зектілері

Астанада 450 шебер алып құрақ көрпе тігіп, әлем рекордын орнатты (видео)

Жарияланған күні:

Құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд орнатылды
Құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд орнатылды. Фото: Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының баспасөз қызметі

Елордада дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Қазақстанның әр өңірінен жиналған шеберлер алып құрақ көрпе тігіп, әлем рекордын орнатты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 8 қыркүйекте сағат 13.00-де ерекше бірегей іс-шара өткен. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 450-ден астам шебер алып құрақ көрпе тіккен. Осылайша дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстанның рекордтар кітабына тіркелетін әлемдік рекорд орнатылған.

450 шебердің ішінде Абай облысының ісмерлері Бақытжан Жүнісбекова мен немересі Балнұр да бар. Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, Бақытжан Задақызы ұзақ жылдар медбике болып еңбек еткен. Зейнетке шығысымен сүйікті ісі қолөнермен айналысып, қазақи нақыштағы құрақ тігуге ден қойған. Осы өнерінің арқасында Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырту алып, немересімен бірге қазақстандық "Кинэс" рекордтар кітабына енді.

Құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд орнатылды
Құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд орнатылды. Фото: Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының баспасөз қызметі

Кеше, 8 қыркүйекте Астанада V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өткен еді. Салтанатты шарада заманауи сахналық технологиялар мен мультимедиялық дизайн қолданылған, 2 сағаттық ауқымды музыкалық-театрландырылған қойылым көрсетілді. Шоуға 3000-ға жуық өнерпаз қатысты.

Ашылу салтанатын президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге тамашалады.

Құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд орнатылды
Құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд орнатылды. Фото: Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының баспасөз қызметі

Айта кетейік, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2430 қатысушы тіркелді. Бұл додаға Қазақстан құрамасынан 261 спортшы қатысады. Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2158980-astanada-ginness-rekordtar-kitabyna-engen-alyp-quraq-korpe-tigildi/