Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тәжірибе жетпеді": қазақстандық шахматшылар Олимпиада ойындарын қорытындылады

Жарияланған күні:

Қазақстандық шахматшы
Қазақстандық шахматшы. Фото: kazsports.kz

Мажарстан астанасы Будапеште өткен шахмат Олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы өз тарихында алғаш рет күміс жүлде жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Спортты дамыту дирекциясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін, 24 қыркүйекте қазақстандық жанкүйерлер Астана қаласының әуежайында шахмат Олимпиадасының жүлдегерлерін, Қазақстан әйелдер құрамасын күтіп алды. Оның ішінде ел тарихындағы алғашқы күміс жүлдені жеңген Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман бар. Оларды қарсы алуға БАҚ өкілдері және жанкүйерлері келді.

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Меруерт Қамалиденова Мажарстанда өткенде жарысты қорытындылап, жанкүйерлерге алғысын білдірді.

"Алтын медаль жеңіп алуға тәжірибе жетпеді деп ойлаймын. Құрамадағы үш қызымыз үшін бұл алғашқы Олимпиада. Мен, Әмина және Алуа үшін осындай деңгейдегі алғашқы дода. Келесі Олимпиада ойындарында мықты боламыз. Біз әр жарысқа барғанда ең үздік нәтижені көздейміз. Бірақ осы жолы жас құрам күміс алып келеді деп ешкім сенбесе керек. Тіпті өзіміз де бұлай болады деп ойламадық. Бірақ алтынға бір табан жақындап тұрып жеңіліп қалғанда, құлазығанмыз рас", - деді Меруерт Қамалиденова.

Шахматпен 5 жасынан бастап айналысып жүрген Әмина Қайырбекова осы Олимпиада ойындарындағы мықты қарсыластарды атады. Оның ішінде алтын медаль жеңген Индия да бар.

"Жарыс біз үшін сәтті өтті деп ойлаймын. Медаль жеңіп алдық. Психологиялық тұрғыда ғана қиын болды. Себебі алғашқы Олимпиадамыз. Иә, қарсыластар да мықты болды. Атап айтсақ, Грузия, Польша және Индияның спортшылары жақсы екен", - деді Әмина Қайырбекова.

Айта кетейік, бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасы 2 жылда бір өтеді. Осыған дейінгі доданы Үндістанның Ченнай қаласы қабылдаған. Сол кезде Қазақстан әйелдер командасы (Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нахбаева, Ксения Балабаева, Назерке Нұрғали) 352 ұпаймен үздік бестікті түйіндеді. Жансая Әбдімәлік 1-тақта бойынша қола жүлдегер атанған. Бұл осыған дейінгі ең үздік көрсеткіш болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2165157-tazhiribe-zhetpedi-qazaqstandyq-shahmatshylar-olimpiada-oiyndaryn-qorytyndylady/