Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған қазақстандық грек-рим күрес шебері Нұрқанат Теңізбаев YouTube желісіндегі "Jas Alash" арнасына сұқбат берді. Сұқбат барысында ол өзі атқарып жүрген саяси қызмет туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Нұрбақыт Теңізбаев Алматы облысы, Кеген ауданының әкімі. Ол сұқбат барысында өзі атқарып жүрген мемлекеттік қызметтің жүгі ауыр екенін айтты.
"Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден" деген сөз бар ғой. Мен спорт саласында жүргенде, бапкерлерімнен спорт тәрбиесін алдым. Еңбекқорлық, шыдамдылық, биік белесті бағындыру деген секілді дүниелерді үйрендім. Мен қазір істеп жүрген мемлекеттік қызметтің, саяси лауазымның өте үлкен жауапкершілігі бар. Сыни көзбен қарайтын, ел-жұрт үміттене көз салатын ауданда басшы болып отыру мен үшін үлкен сынақ деп санаймын", - деді Нұрбақыт Теңізбаев.
Сондай-ақ ол әкім болып отырған аймақта спортқа ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
"Қазіргі уақытта облыс әкімдігіне қарайтын облыстық және аудандық спорт мектептері бар. Облыста арнайы жоспарлар бойынша қаражаттар бөлінген. Үлкен жарыстарға, ірі біріншіліктерге жақсы спортшылар қатысатын болса, олардың бәріне жағдай қарастырылған. Оларға арналған арнайы автокөліктері, қаржылары бар. Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаулар бар.
Бірақ мен таланттарды іздеп жүрмеймін. "Шымшық сойса да, қасапшы сойсын" деген сөз бар. Өйткені мен бапкерлікпен айналысып жүргем жоқ. Жалпы Кеген ауданында таланттар өте көп. Біз теңіз деңгейінен 1850 метр биіктікте тұрмыз. Бұл жақтағы спортшылар шымыр келеді, олар небір жарыстарда жетістікке жетіп жатады. Біз Дағыстанға қызығамыз ғой, бізде де содан кем емес мықты спортшылар бар", - деді Нұрбақыт Теңізбаев.
Айта кетейік, Нұрбақыт Теңізбаев 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен күміс медаль жеңіп алған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2165766-ultqa-qyzmet-etu-minezden-nurbaqyt-tengizbaev-memlekettik-qyzmetting-zhauapkershiligin-aitty/