
Қазақстандық шахматшы Меруерт Қамалиденова аралас жекпе-жек спортына қызығатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
19 жастағы қазақстандық шахматшы Меруерт Қамалиденова Sport+ Qazaqstan телеарнасына берген сұқбатында аралас жекпе-жекпен айналысып, ММА жарыстарына қатысуды қалағанын айтты.
"Мен бала кезімнен қолөнермен және сурет салумен айналысатынмын. Алайда 3-4 жыл бұрын жекпе-жек өнерлерін үйрене бастадым. Маған ұнап қалды, тіпті жаттықтырушым бір талантымды байқап қалғандай болды. Бірақ ата-анам жарыстарға қатысуға рұқсат бермеді, дегенмен мен аралас жекпе-жекпен айналысып жүрдім. Әсіресе аралас жекпе-жек пен джиу-джитсу ұнады. Біздің спортшыларымыздың өнерлерін тамашалап тұрамын, әсіресе дзюдо секілді олимпиадалық спорт түрлерін көремін", - деді Меруерт Қамалиденова.
Айта кетейік, биыл қыркүйекте шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасы Мажарстан астанасы Будапеште өткен әлемдік шахмат Олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан құрамасы сапында Бибісара Асаубаева, Меруерт Қамалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман және Әмина Қайырбекова өнер көрсетті.
Сондай-ақ бүгін, 23 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваға ІІІ дәрежелі "Барыс" орденін табыстады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2177760-ata-anam-ruqsat-bermedi-qazaqstandyq-shahmatshy-qyz-zhekpe-zhekpen-ainalysqanyn-aitty/