Қазақстандық спортшылар биылғы күзде өз жетістіктерімен таңдандырды. Біздің атлеттер әлем чемпионаттарында алтын медалдарға қол жеткізіп, тарихты қайта жаңғыртты және ел рекордтарын жасады, деп KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұханның жетістіктерін ерекше атап өтуге болады. Балуан екі ай ішінде екі әлем біріншілігінде жеңіске жетіп, екеуінде де жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондай-ақ, Ризабек 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен Әлем чемпионатында топ жарып қана қоймай, жастар деңгейінде де алтынды иеленді.
Ол қарсыластарынан айласын асырып, әлемдік еркін күрес элитасына қосылуға дайын екенін көрсетті. Оған қоса спортшының өзіне деген сенімділігі жоғары болды. Осылайша екі маңызды халықаралық турнирде ел намысын қорғап, жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді. Алайда, алда әлі ересектер арасында додалар тұр. Дей тұрғанмен, айтулы жарыстарда тек қатысушы ретінде қалып қоймасы анық. Болашағынан үміт күттірер балуан бірнеше жыл бойы әлемді таңғалдыратындай әлеуетке ие.
"Ризабек 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатына дейін жаңа салмақ дәрежесінде рейтингтік және халықаралық турнирлерге қатысып, Бішкектегі Азия чемпионатында жүлделі орынға ие болды. Қазір ол осы салмақ дәрежесіндегі көшбасшылардың бірі екенін тағы да дәлелдеді", - деді құраманың аға жаттықтырушысы Аслан Байғұлов.
Тағы бір қазақстандық спортшы Төрехан Сабырхан Черногорияда өткен жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатында керемет өнер көрсетті. 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша оған тең келер ешкім болмады.
"Азиялық дауыл" атанған Төрехан Ризабек секілді топ жарып, алтын медалға қол жеткізді. Қазақстандық боксшы чемпионат бойы өзінің шеберлігін көрсете білді. Сонымен қатар қарсыластарынан басым екенін дәлелдей түсті. Қазақ спортшысы чемпионаттың "Үздік боксшысы" деп танылды. Бұл отандасымыздың еңбегінің жемісі деп білеміз. Ал, бокс сарапшылары Төрехан Сабырханды осы спорт түрінің болашақ жұлдыздарының қатарына әлдеқашан қосып қойған еді. Ол бұл болжамға еш күмән туғызбады. Төрехан әлем чемпионатына дейін де құрлық деңгейінде көшбасшы атанды, тіпті Азиядағы өз жас санатында үздік екенін бірнеше рет дәлелдеді. Жас спортшының болашағы зор екені айдан анық. Қазақстандық боксшыны ересектер деңгейінде көруді асыға күтеміз.
Михаил Шайдоров жақында әлемдік мәнерлеп сырғанаудың тарихын жаңғыртты. Спортшы Франциядағы Гран-при кезеңінде керемет сенсация жасады. Михаил үштік аксель мен төрттік тулуптан тұратын секіру комбинациясын таза орындап шықты. Бұған дейін ресми жарыстарда ешкім төрттік тулупты каскадта екінші секіру әдісі ретінде қолдана алмаған еді.
Шайдоровтың болашағы жарқын. Ал, оның шеберлігінің шыңын елестету қиын, бірақ қысқы маусымның алғашқы жартысындағы жетістіктері оның кәсібилігіне айғақ болып отыр. Мәнерлеп сырғанаушы Астанада өткен Денис Тен мемориалында қысқа бағдарлама бойынша 95,50 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Ал екінші ірі жарыста тарихи жетістікке қол жеткізді. Өнерлі спортшының алар асуы әлі алда.
"Әрине, бұл әдісті физикалық тұрғыдан орындау өте қиын. Кейбіреулер бұл комбинацияны тіпті сынап көруге де батылы жетпейді. Өйткені үштік аксельден кейін жоғары жылдамдықта сырғанап, төрттік секіруді жасау оңай емес. Дегенмен, бұл тәсілдің ерекшелігі де осында. Өз мақсатымды орындағаныма қуаныштымын. Бағдарламада бұл элементті орындау моральдық тұрғыдан да өте қиын болды. Алайда, мен тыңғылықты дайындалдым. Нәтижесінде барлығы ойдағыдай болды. Төрешілердің бағасына қарағанда, бұндай тәуекелге баруым өзін ақтамаған тәрізді. Бірақ мен бұл каскадты ұпай үшін жасаған жоқпын", - деді Михаил.
Бірқатар сәтсіздіктен кейін еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов қайтадан өз қабілетін көрсетті. Біршама уақытқа спортшы сарапшылардың назарынан тыс қалған еді, себебі бірнеше турнирде жеңіліске ұшырап, Олимпиадаға іріктеу мүмкіндігінен айырылды, бірақ бұл мақсатқа жету барысында бірнеше мүмкіндігі болған еді.
Биылғы күзде ол 70 келі салмақ дәрежесіне қайта оралып, керемет нәтиже көрсетті. Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Қазақстанның екінші балуаны атанып, өзіне деген сенімділігін арттырды және өз тағы бір мәрте асқан шеберлігін дәлелдеді.
"Нұрқожа – үлкен жетістікке жетті. Өте жақсы күресті, әрі дайындығы да жоғары деңгейде болды. Бұған дейін ол 74 келі салмақта күрескен еді. Алайда, спортшы үшін бұл салмақ дәрежесі ыңғайсыз еді. Қайпанов үшін ең қолайлы салмақ – 70 келі, өкінішке қарай, бұл салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейді. Ойындарға қатысу мақсатында ол салмақ дәрежесінде көтерілуге мәжбүр болды. Меніңше, бұл – қателік деп есептеймін. Ол өз салмағында қалғанда, әлем чемпионатында бұдан да ертерек жеңіске жету мүмкіндігі жетерлік еді. Дегенмен, осылай болуы керек болған шығар.Біз Нұрқожадан медаль күткенбіз. Бұл жеңіс біз үшін тосын сый немесе сенсация емес, барлығы күткеніміздей болды", - деді бас бапкер Мадияр Құрамысов.
Биылғы әлем чемпионатында Жәмилә Бақбергенова да өзін көрсете білді. Ол әлем чемпионаттарында төртінші рет жүлдегер атанып, дәл осындай жетістікке жеткен алғашқы қазақ қызы атанды. Оның қоржынында енді үш күміс және бір қола медаль бар. Жәмиләның әлемдік біріншілікте көрсеткен тамаша күресін ескерсек. Бұл керемет нәтиже.
Бұдан бөлек конькимен жүгіру бойынша Кристина Шумекова ел рекордын жаңартты. Спортшы Германиядя өткен сынақ жарыстарында сәтті өнер көрсетіп, Әлем кубогына қатысуға мүмкіндік алды. Қазақстандық 3000 метрлік қашықтықта өз рекордын жаңартты. Сонымен қатар, спортшы Қазақстан құрамасына енді. Қоса айтқанда осы маусымда өтетін әлемдік жарыстарда өнер көрсететін болады.
Жүзуден Сингапурда өткен Әлем кубогында қазақстандықтар біршама рекорд жасады. Аделаида Пчелинцева 50 метр брасс қашықтығында екі рет рекордты жаңартты. Алдымен біліктілік кезеңінде, кейін финалда өз рекордын жаңарта алды. Сонымен қатар, Пчелинцева брасс әдісімен 100 метр қашықтықта да Қазақстан рекордын жаңартты.
Оған қоса Балабек Ғалымжан Қазақстан рекордын екі мәрте жаңартты. Ол 200 және 400 метрлік еркін стильде өз жетістіктерін жақсартты. Сондай-ақ Аделаида Пчелницева да Қазақстанның ұлттық рекордын жаңартты.
Қазақстандық дзюдошылардың жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында көрсеткен нәтижелерін атап өтпей кетуге болмайды. Душанбеде (Тәжікстан) біздің команда екі қола медалді жеңіп алды. Талғат Орынбасар (60 кг дейін) және Азат Күмісбай (81 кг дейін) өздерін жоғары деңгейде көрсетті. Жаттықтырушылар құрамы оларды негізгі құрамаға қосуы әбден мүмкін. Бастысы алдағы ел чемпионатында өз мүмкіндіктерін жіберіп алмау.
Жәния Бекмұхамбетова үстел теннисінде тамаша сериясын жалғастырып келеді. 11 жастағы спортшы соңғы бірнеше айда Египет, Хорватия, Венгрия және Словакиядағы халықаралық жарыстарда медалдарға ие болды.
Айта кетейік, қазан айында ерлер құрамасы да үстел теннисінен тарихи нәтиже көрсетіп, жетінші орынға ие болды. Марапаттар үшін барлығы 24 құрама таласқан еді. Дегенмен, бұл тарихи жетістік, өйткені Қазақстан ерлер құрамасы топтық жарыстарда бұрын-соңды осыншалықты жоғары көтерілмеген. Сонымен қатар, құрама Азия чемпионатында қатарынан үшінші рет үздік сегіздікке енді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2183766-rizabek-pen-torehan-qazaq-sportshylary-kuzde-qandai-zhetistikpen-kozge-tusti/