Қазақстандық маман Ерік Жұмабеков күрестен халықаралық турнирдің үздік төрешісі атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан күрес федерациясының Instragram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ерік Жұмабеков Ресейдің Омбы қаласында өткен "Дәстүр күші" атты халықаралық турнирде қазылық етіп, жарыстың үздік төрешісі деп танылған. Жұмабековке Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем және Еуропа чемпионы, гандболшы Игорь Лавров 60 граммдық алтын ысқырықты табыстады.
Омбыдағы халықаралық жарысқа Ресейдің 8 федералды округінен және Беларусь, Армения, Қазақстан және Қырғызстаннан келген 12 команда қатысқан. Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы (U17) турнирдің қола жүлдегері атанды.
Айта кетейік, Ерік Жұмабеков биыл күрестен Париж Олимпиадасында қазылық еткен еді. Ол халықаралық төреші атағын 2009 жылы алған. Маман 2019 жылы Астанада, 2021 жылы Ослода (Норвегия), 2022-2023 жылдары Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионаттарында және 15-ке жуық Азия біріншілігінде төрешілік міндетті абыроймен атқарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2185664-olimpiadada-qazylyq-etken-qazaqstandyq-maman-halyqaralyq-turnirding-uzdik-toreshisi-atandy/