Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай "Жетінші арнаның" "Маска Kazakhstan" бағдарламасына қатысып, ән шырқады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Боксшы Назым Қызайбай әлемге әйгілі "Маска" шоуының қазақстандық жобасына қатысты. Аталмыш жобада спортшы сайғақ кейпінде сахнаға шығып, "Көк жигули" әнін орындады. Дауыс беру нәтижесінде сайғақтың маскасы шешіліп, Назым Қызайбай жобамен қош айтысты.
Тамыздың басында әлеуметтік желіде Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен оның жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевтің осы бір хит әнге билеген видеосы тараған болатын. Сол себепті "Маска Kazakhstan" жобасының эксперттері бұл әнді орындаған сайғақ маскасындағы жан Елдос Сметов деп болжам жасады.
Сондай-ақ желі қолданушылары Назымның бұл өнеріне таңдай қағып, ыстық ықыласын білдірді.
"Дауысы нәзік, керемет орындау болды"; "Біздің Назым қандай әдемі"; "Қалайша даусын білмей отыр"; "Назым тамаша орындап шықты"; "Батыр қыз, жарайсың", "Назым екенін бірден білдім", "Жеңістерің көп болсын", - деді желі қолданушылары.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай осыдан бір ай бұрын бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны болып сайланған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2185770-bizding-nazym-qandai-ademi-olimpiada-zhuldegeri-maska-shouynda-an-oryndap-kopshilikti-tangdai-qaqtyrdy-video/