![Қара теңіз кубогына барған қазақстандық боксшылар мен бапкерлер Қара теңіз кубогына барған қазақстандық боксшылар мен бапкерлер](https://cdn.nur.kz/images/1200x675/6ace6d55b2563715.jpeg)
2000 жылы бокстан Қазақстан жастар құрамасы Мажарстанда өткен әлем чемпионатымен қатар көптеген турнирде жүлдегер атанған еді. Жаттықтырушы Ғалымбек Кенжебаев сол жарыстар туралы айтып, тарихи суреттерді бөлісті, деп хабарлайды ҰОК-ның ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бокстан Қазақстан жастар құрамасы 2000 жылы Севастопольде өткен Қара теңіз кубогына қатысқан болатын. Бұл жарыс сол уақытта Еуропадағы ең ірі турнирлердің бірі болды. Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев осы жарысты ерекше еске алды.
"Севастопольде өткен Қара теңіз Кубогында біз ашық аспан астында, пирсте өнер көрсеттік. Шаршы алаң сол жерге орнатылған еді. Көрермендер, жағажайда демалып жатқан адамдар, жатып күнге қыздырынып, жекпе-жекті тамашалай алатын.
Бізге болса, жекпе-жектен кейін бірден теңізге шомылып, жүзіп алу мүмкіндігі берілді. Яғни, өзімізге ұнайтын істі пайдамызға асырып отырдық. Бірақ бұл көбіне жаттықтырушыларға қатысты еді. Ал жігіттер, әсіресе турнирдің жоғары кезеңдеріне дейін жеткендері, жағалауда аз уақыт өткізетін. Жігіттерге көп шомылуға және күн астында ұзақ болуға рұқсат берілмейтін. Себебі бұл оларды босаңсытып, артық қызуға әкелуі мүмкін еді. Бірақ бір рет шомылуға әрдайым рұқсат беретінбіз", - деді бапкер.
Кенжебаев бөліскен суретте Қазақстанның көптеген танымал спортшылары мен жаттықтырушылары бар. Кадрдан Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов, Рустам Іргебаев, Бақтияр Артаев, Азамат Бекет, Қанат Орақбаев, Берік Серікбаев, Александр Буторин және жаттықтырушылар Ғалымбек Кенжебаев, Антон Ким, Нұркен Андасов, Асқарбек Ғазизов пен басқа боксшыларды көруге болады.
![Ғалымбек Кенжебаев Ғалымбек Кенжебаев](https://cdn.nur.kz/images/1120/4925b0f0515785d1.jpeg)
"Ол сәт керемет. Есімде, сол есте қалған Кубокта Геннадий Головкин чемпион атанған еді. Сондай-ақ көптеген боксшыларымыз, мысалы, Артаев, Іргебаев, Серікбаев турнирді медалмен аяқтады. Қателеспесем, Азамат Бекет те үздік үштікке енді. Жалпы, ол жақтан алтынмен қоса, көптеген күміс пен қола медаль әкелдік.
Ол турнир жаттықтырушылардың да, боксшылардың да есінде мәңгі қалатынына сенемін. Жарыста бәсекелестік өте жоғары болды. Еуропаның көптеген елінен, соның ішінде Түркия мен Өзбекстаннан командалар келді. Жарыстың ұйымдастырылуы да жоғары деңгейде болды. Ашық аспан астында өткізу идеясы да ұнады",- деп еске алды Кенжебаев.
Жаттықтырушы тағы бір тарихи суретті бөлісті. Бұл фото 2000 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасы өнер көрсеткеннен кейін түсірілген. Біздің құраманы Қазақстанның Мажарстандағы елшілігіне қабылдауға шақырған еді. Сол кезде Геннадий Головкин алтын медаль жеңіп алды. Ал Рустам Іргебаев, Берік Серікбаев және Ұлан Сауытбаев әлем чемпионатын үшінші орынмен аяқтады.
![Мажарстандағы әлем біріншілігі Мажарстандағы әлем біріншілігі](https://cdn.nur.kz/images/1120/8889679d960ee588.jpeg)
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2187275-golovkin-men-artaevtyng-zhas-kezi-tanymal-bapker-2000-zhyly-tusirilgen-suretterdi-korsetti-foto/