
АҚШ құрамасының және "Милан" футбол клубының шабуылшысы Кристиан Пулишич Ямайкаға қарсы матчта гол соққан сәтін ерекше тойлап, көпшілікті таңдандырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
КОНКАКАФ Ұлттар лигасында Ямайка құрамасын 4:2 есебімен жеңіске жеткен америкалықтар турнирдің жартылай финалына жолдама алды.
Кристиан Пулишич ойынның 13-минутында АҚШ құрамасының бұл матчтағы алғашқы голын соқты. Осы сәтте ол әлеуметтік желіде танымал болған АҚШ президенті Дональд Трамптың биін қайталап, соққан голын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ бұл биді бұған дейін басқа да америкалық спортшылар қайталап шыққан болатын. Мысалы, NFL-де өнер көрсететін "Лас-Вегас Рейдерс" командасының ойыншысы Брок Бауэрс сәтті ұпайдан кейін дәл осы биді билесе, америкалық файтер Джон Джонс өткен демалыс күндері АҚШ-та өткен UFC кешіндегі жеңісінен кейін Трамптың көз алдында осы биді биледі.
Айта кетейік, қарашаның басында АҚШ-та президент сайлауы өтіп, нәтижесінде Дональд Трамп билік басына келген еді.
6 қарашада Дональд Трамп Флоридада жақтастары алдында сөз сөйледі. Содан кейін саясаткер Village People тобының YMCA әніне билеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2189411-aqsh-quramasynyng-shabuylshysy-gol-soqqan-satin-tramptyng-biimen-toilady-video/