Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстанға келу жоспарым сол күні тоқтады": Мұстафа Өзтүріктің досы спортшы туралы естеліктерін бөлісті

Жарияланған күні:

Мұстафа Өзтүрік
Мұстафа Өзтүрік. Фото: facebook.com/@ConfederatSport

Қазақ таеквондосының негізін қалаушы, таеквондодан қара белбеу 6 дан иегері Мұстафа Өзтүрік тірі болса, биыл 70 жасқа толар еді. Германияның Кельн қаласында тұратын Мұстафа Өзтүріктің жақын досы Ғани Макин Kazinform агенттігіне берген сұқбатында спортшы туралы естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Мұстафа шетелдегі қазақтардың жарық жұлдызы еді. Мен Мұстафамен бірге өстім, таеквондо мен карате өнері бойынша жаттықтым. Екеуміз жақын дос болдық. Мұстафа сыртта жүріп, әкесін ақтық сапарға шығарып сала алмай қалған еді. Әлі есімде бір күні кеште екеуміз әңгімелесіп отырдық. Ол маған әкесін айтып, көзіне жас алып, өзінің жазған өлеңін көрсетті. Мен оның жүрегін жарып шыққан сөздерін домбыраға салып, әуен жаздым. Бұл ән кейін "Жұлдыздарды тілейсің бе?" деген атпен ел арасына тарады. Әкеге деген үлкен тебіреністен туған ән бұл күнде ел жүрегінде", - дейді Ғани Макин.

Сонымен қатар спортшының досы Ғани Макин Мұстафа Өзтүріктің өзін қазақ еліне шақырып, "бірге жұмыс істейік" деген ұсынысын қабылдай алмай қалғанына өкініш білдірді.

"Ол Қазақстанда таэквондо мектебін ашты. Сол кезде маған хабарласып, қазақ еліне келіп карате мектебін ашсаң деп өтініш айтты. Мен отбасылық жағдайыммен бара алмайтынымды айтқан едім, маған өкпеледі. 6 ай бойы сөйлеспей қойған еді. Кейін құрбан айт кезінде Түркияға келіп, осында жолықтық, дастархан басында әңгімелестік. Мен Қазақстанға барып, карате мектебін құратын болдым. Ол кісі Қазақстанға ұшып кетті. Мен де құжаттарымды жинап көшуге реттеліп жатқанмын. Бір аптадан кейін Мұстафаның Алматыда қаза тапқаны туралы қаралы хабар алдық. Жүрегім қан жылады, менің Қазақстанға келу жоспарым да сол күні тоқтады", - дейді Ғани Макин.

Айта кетейік, Мұстафа Өзтүрік 1954 жылдың 23 қарашасында Түркияның Кайсери қаласында дүниеге келді. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренді. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыға келіп, таеквондо мектебін ашты. 1990-1995 жылдар аралығында Қазақстанда еңбек етті.

1995 жылы Алматы қаласында белгісіз жағдайда қайтыс болып, Стамбұлда (Түркия) әкесі жатқан бейіттің маңына жерленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2191152-syrtta-zhurip-akesining-qaitys-bolganyn-kore-almai-qaldy-mustafa-ozturikting-dosy-sportshy-turaly-estelikterin-bolisti/