Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалған еді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндеттерін орындауға атақты боксшы, Олимпиада чемпионы және Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев кірісті. Оның кандидатурасын ҚР Туризм және спорт министрлігінде арнайы комиссия келіскеннен кейін тағайындау туралы өкімге аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қол қойды. Жаңа басшыны спорт қоғамдастығына облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков таныстырды.
Жаңа қызметке тағайындалған Серік Сәпиев Instagram желісіндегі ресми парақшасында алдағы жоспарларын бөлісті.
"Құрметті достар! Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне кірістім. Менің кандидатурамды ҚР Туризм және спорт министрлігінде арнайы комиссиямен келіскеннен кейін өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тағайындау туралы өкімге қол қойды. Сенім білдіргендеріңіз үшін рахмет, Ербол Мырзабосынов. Әрине үміттеріңізді ақтаймын. Өзекті мәселелерді шешіп, жаңа, ауқымды әрі қызықты жобаларды іске асыратын боламыз. Ұсыныстарға ашықпын. Сарыарқаны спорттық аймақ етейік", - деді Серік Сәпиев.
Айта кетейік, Серік Сәпиев бірнеше біліктілік бойынша жоғары білімі бар: "дене шынықтыру педагогы", "құқықтану", "мемлекеттік және жергілікті басқару", "спорт менеджменті" мамандығы бойынша "Болашақ" халықаралық бағдарламасының стипендиаты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2194392-qyzyqty-zhobalardy-iske-asyramyn-lauazymdy-qyzmetke-tagaiyndalgan-serik-sapiev-malimdeme-zhasady/