
Қазақ спортшысы Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан әлем чемпионатындағы жеңісі туралы айтып, қолдаған жандарға алғыс білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Cпортты дамыту дирекциясының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Нұрғиса Әділетұлы Манамадағы (Бахрейн) әлем чемпионатында 96 кг салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған еді. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 88 килограммды (174+214) еңсерді.
"Бұл – бүкіл қазақстың жеңісі. 2014 жылы Жасұлан Қыдырбаев әлем чемпионатында алтын алған еді. Тура 10 жыл өткеннен кейін мен сол жетістікті қайталап отырмын. Отбасыма, қазақ еліне, мен үшін дұғада болғандардың барлығына алғыс білдіремін. Азия чемпионатынан кейін 2 жылға жуық демалдым. Әлем біріншілігіне үш ай қалғанда дайындықты бастадым. Еңбегім ақталды. Cпортпен айналысып жүргеніме 12 жыл", - деді әлем чемпионы.
Еске салайық, Бахрейндегі әлем біріншілігінде тағы бір қазақстандық ауыр атлет Алексей Чуркин күміс жүлде жеңіп алды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 368 килограммды (164+204) бағындырды.
11 желтоқсанда Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеп, федерация басшысы болып Гаджи Гаджиев сайланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2200016-araga-on-zhyl-salyp-alem-chempiony-atandym-nurgisa-adiletuly-zhankuierlerge-algys-aitty-video/