Спорт

Зектілері

"Қолдау болмады": Алматыдағы Орталық стадионның бұрынғы басшысы маңызды мәселені қозғады

Жарияланған күні:

Бауыржан Жұмажанов
Бауыржан Жұмажанов. Скриншот: youtube.com/@MassagetTV

Алматыдағы Орталық стадионның бұрынғы басшысы Бауыржан Жұмажанов Massaget TV YouTube арнасына берген сұқбатында стадионның жөндеу жұмыстарына байланысты мемлекеттік мекемелерден ешқандай қолдау болмағанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Орталық стадионның бұрынғы басшысы Бауыржан Жұмажанов Алматыдағы алаңның төңірегінде мәселелер көп екенін айтты.

"Мәселе, әрине өте көп. Ең бірінші назар аударатын дүние – бұл стадион өте ескі, қайта жаңартуды талап етеді. Негізі жаңа технологиялар алып келіп, реконструкция жасау керек. Ол жөнінде мәселе әлі көтеріліп келе жатыр. Қала әкімі де соңғы кездесуінде халыққа келесі жылы осы жұмысты атқаратындықтарын жеткізді. Стадионда дәл қазір жанкүйерлер отыратын 23 800 орындық бар. Десе де ескі технологиямен салынған нысан жаңа талаптардың көбіне сәйкес келмейді. Қолымыздан келгенше алаңды стандарттарға сәйкестендіруге тырыстық. Оған – Челси, Португалия, Норвегия келіп ойнап кеткені, УЕФА-ның рұқсат бергені дәлел", - деді Бауыржан Жұмажанов.

Сондай-ақ ол стадионның жөндеу жұмыстарына байланысты мемлекеттік мекемелерден қолдау болмағанын да тілге тиек етті.

"Мен осы қызметке келгеннен бастап, бұл әңгіме қозғалып бастаған. Бірақ стадионды жөндеуге ақша бөлінген жоқ. Реконструкция болатын болған соң, қайта-қайта шығындалмайық деді. Бірақ қолымыздан келгенше стадионды осы қалыпта ұстауға тырысып жүрдік. Жанашыр жандардың арқасында, әсіресе "Қайрат" командасының көмегімен, ынтабымызбен, өз қалтамыздан қаражат шығарып, бірқатар жұмыстар атқардық. Оның дәлелін де ұсына аламын. Мысалы, батыс бөліктегі ғимараттардың құлап жатқан сылақтарын қалыпқа келтірдік. Жарық беріп тұрған бағанды тат басып кетті, оны альпинистер шақырып, "Қайрат" командасының көмегі бар, әйтеуір реттедік. Дирекциядан қолдау мүлде болмады", - деді Бауыржан Жұмажанов.

18 желтоқсанда Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте стадионның 1958 жылы салынғанын, оның қайта жөндеу жұмыстары келесі жылы басталатынын айтқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 12 желтоқсанда "Астана" – "Челси" матчына келген жанкүйерлер стадиондағы қардың видеосы жариялаған еді. Бұл кадрлардан кейбір трибуналарды қар басып жатқанын байқауға болады. Осы жағдайға байланысты "Орталық стадион" нысанының басқарушысы Бауыржан Жұмажанов қызметінен шеттетілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2203589-qoldau-bolmady-almatydagy-ortalyq-stadionnyng-buryngy-basshysy-mangyzdy-maseleni-qozgady/