Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин балалық шағынан қалған ең маңызды суреттерінің бірін оқырмандарына бөлісті. Спортшы бұл тек отбасы арасындағы бақытты күндердің естелігі ғана емес, сонымен қатар оның спорттық мансабына жол ашып, Олимпиада шыңын бағындыруына негіз болған ерекше оқиға екенін айтты, деп KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Спортта да, өмірде де сөзден гөрі көп нәрсені айта алатын суреттер бар. Кейде бір ғана фото жылдар өтсе де, сол кездегі сезімді дәл жеткізіп, ұмытылмас әсер мен естеліктерді сақтап қалады. Мұндай сәттер спортшының өмірінде де маңызды рөл атқарып, оның болашағын түбегейлі өзгерте алады. Olympic.kz ұсынған "Бір суреттің тарихы" айдары дәл осындай ерекше сәттер жайлы сыр шертеді.
Бұл жолы айдардың кейіпкері – жүзуден Рио Олимпиадасының чемпионы, аты аңызға айналған қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин.
Чемпионның барлық жетістіктері – Олимпиада, Азия ойындары және Универсиада алтындары – Қостанайда жеңіп алған шағын ғана медальдан басталған. Сол алғашқы медаль мен отбасының қолдауы болашақ спортшыға шексіз мотивация сыйлап, үлкен белестерді бағындыруға серпін берген еді.
"Бұл фотода мен шамамен 11-12 жастамын. Сурет Қостанайда жыл сайын өткізіліп тұратын көп кезеңді жарыстардан кейін түсірілген. Бұл жарыстар жас спортшыларға арналған еді.
Сол уақытта жүзумен айналысып жүргеніме шамамен бес жыл болған. Бірақ, өкінішке қарай, бізде ешқандай марапат немесе жүлде жоқ еді. Алатынымыз тек мадақтамалар ғана болды.
Есімде, бір күні досымның үйіне бардым, оның қабырғалары медальдарға толы, сөрелерде кубоктар тұр. Барлығы сондай әдемі көрінетін. Сол сәтте мен: "Мен де спортта көп жетістікке жеттім ғой, тіпті спорт шеберіне үміткер болдым. Бірақ менде тек бір бума қағаз ғана бар", - деп ойладым.
Осыдан кейін біз сол жарысқа қатысуға бардық. Ол жарыста мен алғаш рет жүлделі орындарға медальдар берілетінін көрдім. Шынымды айтсам, сол турнир менің балалық шағымдағы ең маңызды жарыс болды. Мен алғаш рет қолыма нақты, көзге көрінетін жүлдені алдым.
Сол жарыста үздік нәтиже көрсетіп, барлық қашықтықта жеңімпаз атандым, өз жас санатымда Қазақстан чемпионы болдым. Осылайша, спортпен айналысқаныма жеті жыл болғанда, мен өзімнің алғашқы медальімді алдым.
Ол медаль өте кішкентай еді. Тіпті, шоколад медальінің өзі одан үлкен сияқты көрінетін. Бірақ ол мен үшін өте маңызды болды", - деді Дмитрий Баландин.
Дмитрийдің пікірінше, сол медаль оның спорттағы мансабына бағыт-бағдар берді.
"Есімде, пойызбен үйге қайтып келе жатқанда, сол медальді қолымнан тастамадым. Жастықтың астына қойып, жоғалтып алмауға тырыстым. Үйге келгенімде мені ата-анам қарсы алды. Әкем маған: "Бұл сенің алғашқы медальің, бірақ соңғысы болмасын", - деді. Сол кезде бәрі дәстүр бойынша өтті. Әкем шарап ашып, сол медальді стақанға батырды. Бүкіл отбасымызбен атап өттік. Бұл мен үшін үлкен, ерекше және есте қаларлық оқиға болды.
Фотода біз дәл сол кішкентай медальмен тұрмыз. Ал арада сегіз-тоғыз жыл өткенде сол кішкентай медаль Олимпиаданың үлкен алтын медаліне айналды.
Бұл оқиға балаларды ынталандырудың қаншалықты маңызды екенін де көрсетеді. Балалар өз еңбектерінің бағаланатынын, олардың жетістіктерінің мәні бар екенін сезінуі қажет. Егер сол кішкентай медаль болмағанда, менің жағдайым қалай боларын білмеймін. Мүмкін, тек "қағаздармен" ғана шектеліп, спортты тастап кетер ме едім. Солай болғанда, Қазақстанда жүзуден алғашқы Олимпиада чемпионы болмас па еді?
Бірақ барлығы жақсы болды. Бүгінде мен сол алғашқы медальімді әлі күнге дейін сақтап келемін", - деді Дмитрий Баландин.
Айта кетейік, Дмитрий Баландин 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден жеңімпаз атанды. Спортшы 2022 жылы спорттық мансабын аяқтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2204747-dmitrii-balandin-qazaqstanda-zhuzuden-algashqy-olimpiada-chempiony-bolmas-pa-edi/