Top.Mail.Ru
Спорт

Зектілері

Елдос Сметов пен Нұрбек Оралбай: Қазақ спортшыларының 2024 жылғы жарқын жеңістері

Жарияланған күні:

Демеу Жадыраев, Елдос Сметов, Назым Қызайбай, Ғұсман Қырғызбаев
Демеу Жадыраев, Елдос Сметов, Назым Қызайбай, Ғұсман Қырғызбаев. Фото: instagram.com/nazym_kyzaibay09

Қазақстан құрамасы биыл бірнеше жоғары жетістіктерімен ерекшеленді, олардың қатарында Париждегі Олимпиада ойындарындағы жеңістер мен тарихи нәтижелер бар. Olympic.kz қазақстандық спортышлардың 2024 жылғы жарқын сәттерін оқырманға ұсынады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Елдос Сметов

Елдос Сметов
Дзюдошы Елдос Сметов. Фото: JACK GUEZ/AFP via Getty Images

Құраманың басты жетістігі дзюдошы Елдос Сметовтің 2024 жылғы Олимпиададағы жеңісі. Белгілі спортшы 60 кг дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, дзюдодан Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада алтынын еншіледі. Айта кетсек, қазіргі уақытта Елдос Олимпиада жүлделерінің толық жиынтығына ие: 2016 жылы ол 2-орын, ал 2020 жылы 3-орынды иеленген еді.

Сондай-ақ Парижде гимнаст Нариман Құрбанов тарихи медаль жеңіп алды. Бұған дейін Қазақстанда спорттық гимнастикадан Олимпиада жүлдегерлері болмаған. Құрбанов ат үстіндегі жаттығуда күміс жүлдеге ие болды. Демеу Жадраев Франция астанасында күміс медаль иеленіп, грек-рим күресінен 20 жыл ішінде Олимпиада финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды. Ал нысана көздеуде Александр Ле мен Ислам Сәтпаев қола жүлде жеңіп алды. Нысана көздеуден Қазақстан құрамасы 28 жыл бойы Олимпиада медалінсіз қалған еді.

Нұрбек Оралбай

Нұрбек Оралбай
Нұрбек Оралбай. Фото: olympic.kz

Париж Олимпиадасында бокстан Нұрбек Оралбай (80 кг дейін) күміс медаль жеңіп алды. Үшінші орынға Назым Қызайбай (бокс, 50 кг дейін) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев көтерілді.

Олимпиададағы жетістіктерден бөлек, Қазақстан құрамасының спортшылары ересектер арасындағы әлем чемпионаттарында да көзге түсті. Денис Никиша шорт-тректен әлем чемпионатында екінші орынға ие болды. Ол бұл спорт түрінен ересектер арасындағы әлем біріншілігінде медаль алған алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа енді. 

Ауыр атлетика

Нұрғиса Әділетұлы
Нұрғиса Әділетұлы. Фото: instagram.com/qaz_team_official

Ұзақ үзілістен кейін Қазақстан ауыр атлетикадан жүлдегерлер қатарынан қайта көрінді. Жақында өткен әлем чемпионатында біздің зілтеміршілер екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Алтын жүлдені Нұрғиса Әділетұлы (96 кг дейін) және Артем Антропов (102 кг дейін) иеленсе, Алексей Чуркин (81 кг дейін) күміс жүлде жеңіп алды.

Сондай-ақ, әртістік жұзуден Қазақстан құрамасының спортшылары Эдуард Ким мен Наргиза Болатова аралас жұп (техникалық бағдарлама) бойынша әлем чемпиондары атанды. Бұл – еліміз үшін тарихи жетістік.

Күрес

Нұрқожа Қайпанов
Нұрқожа Қайпанов. Фото: uww.org

Еркін күрестен Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионы атанды. Ол олимпиадалық емес салмақ дәрежелерінде өткен әлем біріншілігінде 70 кг дейінгі салмақта үздік шықты. Күміс жүлдені Ержет Жарлықасын (63 кг дейін) мен Жәмила Бақбергенова (72 кг дейін) иеленді. Ал дзюдошы Әбиба Әбужақынова (48 кг дейін) және байдарка мен каноэ есуден Қазақстан құрамасының спортшысы Мария Бровкова әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алды.

Айта кетсек, қазақстандық спортшылар 2024 жылы Әлем кубогы кезеңдері, Азия чемпионаттары және басқа да халықаралық турнирлерде жүлделі орындарға ие болды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бірнеше қазақстандық спортшы Халықаралық федерациялар тарапынан "әлемдегі үздік спортшы" атағына ұсынылды.

Әмір Маймұратов

Әмір Маймұратов
Әмір Маймұратов. Фото: JONATHAN NACKSTRAND/AFP via Getty Images

Құзға өрмелеуші Әмір Маймұратов 2024 жылғы Олимпиадада рекорд жаңартты. Ол "жылдамдық" қашықтығында алғашқы кезеңде өрмелеу жолын 4.89 секундта өтті, бұл Олимпиада рекорды болды. Алайда, бұл рекордты сақтап қалу мүмкін болмады, кейін индонезиялық Ведрик Леонардо оны жаңартты.

Қазақстанға халықаралық турнирлерді өткізу бойынша үлкен сенім артуда. 2024 жылы еліміз алғаш рет үстел теннисінен Азия чемпионатын қабылдады. Бұл турнир Астанада өтті. Сонымен қатар, ел астанасында дзюдодан Grand Slam кезеңі және жеңіл атлетикадан әлем рекордсмендері мен Олимпиада жүлдегерлерінің қатысуымен Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prize турнирі өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2205479-eldos-smetov-pen-nurbek-oralbai-qazaq-sportshylarynyng-2024-zhylgy-zharqyn-zhengisteri/