Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алтынға бергісіз күміс: 2024 жылы алтынсыз қалған, бірақ ел ықыласына бөленген спортшылар кім

Жарияланған күні:

Демеу Жадыраев
Демеу Жадыраев. Фото: olympic.kz

Биыл қазақстандық спортшылар әлемдік бәсекелерде топ жарып, бірнеше додада көш бастады. Жеңіс тұғырына көтеріліп, ел абыройын асқақтатқан спортшылардан бөлек алтынға парапар күміс алған жандар да ел есінде қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көп жағдайда жарыста басты жүлдеге бір табан жете алмай, күміс медаль алып қалған спортшылар көпшіліктің есінде қалмай жатады. Басты назар алтын медаль алған спортшыға ауғандықтан, күміс жүлде еншілеген жандар еленбей жатады. Бірақ биыл 2024 жылы әлем чемпионаттары мен Париж Олимпиадасында күміс жүлде алса да, өзінің қызық оқиғасымен немесе керемет нәтижесімен есте қалған спортшылар баршылық. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі 2024 жылы көпшіліктің жүрегінен ерекше орын алған спортшылар туралы топтаманы ұсынады.

Түрік мергені Юсуф Дикеч

Түрік мергені Юсуф Дикечтің биыл жазда Парижде өткен Олимпиада ойындарындағы өнері әлеуметтік желіде кеңінен таралды.

Ол пневматикалық тапанша атудан (10 м) аралас жұптар сайысында күміс медаль жеңіп алды. Оның бұл бәсекедегі серіктесі Шевваль Илайда Тархан болды. Басқа спортшылар арнайы құлаққаптар мен көз шағылысына қарсы көзілдіріктерді қолданса, Дикеч шағын құлақ тығындары мен қарапайым көзілдірігін ғана пайдаланып, нысананы еш қиналмай дәлдеді.

51 жастағы Юсуф Дикеч спорттың бұл түрімен 28 жасынан айналыса бастады. Ол оқ-дәрілі және пневматикалық қаруды атудан бес мәрте әлем чемпионатын және төрт мәрте Еуропа чемпионатын жеңіп алған.

Париж Олимпиадасы оның спорттық мансабындағы бесінші байрақты бәсеке болды. Сондай-ақ дәл осы Парижде ол тұңғыш рет Олимпиада жүлдегері ретінде тұғырға көтерілді.

Қытайлық гимнаст Чжоу Яцинь

Париж Олимпиадасында қытайлық гимнаст Чжоу Яцинь күміс медаль жеңіп алды. 18 жастағы гимнаст қыз үшін бұл Олимпиада ойындарындағы алғашқы медалі, ал бұған дейін ол 2023 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген еді. Сол кезде оның жанында атақты спортшылар Симона Байлс пен Ребека Андраде болған.

Ал Олимпиадада Чжоу Яцинь италиялық Аличе Д’Амато мен Манила Эспозитомен бірге тұғырға көтерілді. Қос италиялық гимнасттар үшін бұл жүлде – мансаптарындағы алғашқы жеке марапат. Қуаныштан олар спортта қалыптасқан дәстүр бойынша медальдерін тістеп көруді ұйғарды.

Осы сәтте Чжоу Яцинь бұл дәстүрді білмесе керек, бірақ Аличе мен Маниланың әрекетін байқап, медалін ыңғайсызданып, қызарып, жымиып тістей салды. Бұл жағдай көрермендерге өте сүйкімді әрі ерекше сәт болып көрінді.

Қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейітбекұлы

Париж Олимпиадасында көпшіліктің назарын аударған тағы бір спортшы – қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейітбекұлы. Қырғызстан намысын қорғаған ол бұл Олимпиадада алтынға парапар күмісті қанжығасына байлады.

Биыл Мұнарбек Сейітбекұлы алдымен Испаниядағы турнирде жеңіске жетіп, кейін Таиландта өткен лицензиялық турнирде Париждегі Олимпиадаға жолдамаға қол жеткізді.

Қырғызстандық боксшы Мұнарбек Сейітбекұлы биыл жазда Парижде өткен Олимпиада ойындарында 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Ол финалда өзбекстандық былғары қолғап шебері Абдумалик Халоковке есе жіберіп қойды. Осылайша ол Қырғызстан тарихында бокстан Олимпиаданың тұңғыш жүлдегері атанды.

Жақында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров боксшы Мұнарбек Сейітбекұлына ІІІ дәрежелі "Манас" орденін табыстады.

Мұнарбек Сейітбекұлы
Мұнарбек Сейітбекұлы. Фото: Richard Pelham/Getty Images

Гимнаст Нариман Құрбанов

Бұған дейін Олимпиада ойындарында спорттық гимнастикадан бірде-бір қазақстандық спортшы жүлде алмаған. Биыл жазда өткен Париж Олимпиадасында қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов бұл сеңді бұзып, байрақты бәсекеде топ жарды.

Нариман Құрбанов тұтқалы атаяқ жаттығуының ақтық кезеңінде 15,433 ұпай жинап, екінші орын алды. Алтын жүлдені ирландиялық Рис МакЛенаган (15,533) жеңіп алса, қола медальді америкалық Стивен Недорошик (15,300) еншіледі.

Осылайша, Нариман Құрбанов спорттық гимнастикадан Олимпиада ойындарында жүлде иеленген тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.

Нариман Құрбанов
Нариман Құрбанов. Фото: LIONEL BONAVENTURE/AFP via Getty Images

Балуан Демеу Жадыраев

Франция астанасында өткен Олимпиадада балуандарымыз өз шеберліктерін толыққанды көрсете алмады. Тек грек-рим күрес шебері Демеу Жадыраев қана тұғырға көтеріліп, күміс жүлдені қанжығасын байлады.

35 жастағы Демеу Жадыраев Париж боз кілеміндегі алғашқы белдесуінде Колумбия спортшысы Джейр Куеромен күресіп, мерзімінен бұрын жеңген еді. Кейін ол ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы қырғызстандық Ақжол Махмудовтан басым түсті. Ал жартылай финалда Әзербайжан спортшысы Санан Сүлеймановтан айласын асырған болатын. Тек финалда жапониялық Нао Кусакадан жеңіліп, Олимпиаданың күміс жүлдесіне ие болды.

Сондай-ақ Демеу Жадыраев – 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс медаль иегері және Азия чемпионатының төрт дүркін жүлдегері (2018 жылы – күміс, 2015, 2019 және 2021 жылдары — қола).

Демеу Жадыраев
Демеу Жадыраев. Фото: olympic.kz

Боксшы Нұрбек Оралбай

Париж Олимпиадасы қазақ боксшылары үшін сәтсіз өткені анық. Алдыңғы Токио Олимпиадасында да, биылғы Париж Олимпиадасында да қазақ боксшылары алтын медаль еншілей алмады. Париждегі байрақты бәсекеде әйелдер арасында Назым Қызайбай қола медальді иеленсе, ерлер арасында Нұрбек Оралбай күміске қол жеткізді.

Финалға дейін еш мүдірмей жеткен Нұрбек осы додада алтын алып, қазақ боксының мерейін үстем етеді сенгенбіз. Алайда финалда украиналық Александр Хижнякқа қарсы тұрып, тартысты жекпе-жекте есе жіберді. Сонда да Нұрбек Оралбайдың бұл күмісі "алтынға" парапар еді.

Нұрбек Оралбай
Нұрбек Оралбай. Фото: olympic.kz

Балуан Жәмилә Бақбергенова

Ел тарихында күрестен нәзік жандылар арасынан бірнеше әлем чемпионатында жүлде салған спортшылар некен-саяқ. Ал Жәмилә Бақбергенова спорттық мансабында 4 мәрте әлем чемпионатында жүлде салған жалғыз қазақ қызы. Спортшының еншісінде әлем чемпионатының 3 күмісі мен 1 қоласы бар.

Биыл қазанда Тиранада (Албания) өткен күрестен әлем чемпионатында 72 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Жәмилә Бақбергенова өзін жан-жақты көрсете білді. Финалға дейін бәрін қапыда қалдырып келген ол ақтық сында жапониялық Ами Исиден 6:8 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша ол қатарынан төртінші әлем чемпионатында ел қоржынына алтынға парапар жүлде салып отыр.

Жәмилә Бақбергенова
Жәмилә Бақбергенова. Фото: uww.org

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2205600-altynga-bergisiz-kumis-2024-zhyly-altynsyz-qalgan-biraq-zhurekti-zhaulagan-sportshylar-kim/