Қазақстандық спортшылар жаңа жыл қарсаңында алған ерекше сыйлықтары мен қуанышқа толы сәттері туралы әңгімелеп берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Нысана көздеуден Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Александра Ле өміріндегі ең бағалы сыйлықтардың бірі мылтық болғанын айтты.
"Сыйлық туралы айтатын болсам, бас бапкер Ольга Вячеславовна ішінде жаңа мылтық бар қара қорапты әкелді. Мен оны ашып, арманымдағы мылтықты көргенде, қатты қуандым. Бұл өте керемет болды, өйткені федерация мені дәл жаңа жылда осы мылтықпен марапаттады. Осы мылтықпен мен үлкен мақсатқа бағытталған жолымды бастадым, осы мылтықпен Олимпиадаға қатысып, одан бөлек бірқатар рекорд орнаттым", - деді Александра Ле.
Ал спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының мүшесі Аида Бауыржанова ең ерекше сыйлықты анасы тарту еткенін айтты.
"Ол менің балалық шағымдағы ұмытылмас сезімді сыйлады: отшашу мен чупа-чупстардан құралған гүл шоғын қолмен жасап, тарту етті", - деді спортшы.
Семсерлесуші Ерлік Сертай бала кезінде ата-анасы ойыншық көлік сыйлағанын еске алды.
"11 немесе 12 жасымда жаңа жыл шынайы ертегіге айналды. Шыршаның астында, мандариндер мен тәттілер арасында жүргенімде жүрегімнің қағысын тездеткен сыйлықты таптым. Ата-анам маған қашықтықтан басқарылатын ойыншық көлікті сыйлады. Бірақ бұл жай ғана ойыншық емес еді. Бұл "Феррари" болатын, әрі ол әдеттегі пультпен емес, қол сағат арқылы басқарылатын еді!", - деді семсерлесуші.
Фристайлшы Жанбота Алдабергенова өміріндегі ең ерекше сыйлық палау болғанын айтты.
"Бұл оқиға қашан болғанын нақты есіме түсіре алмаймын. Бірақ ең ерекше әрі қымбат сыйлық – Жаңа жылда команданың дәрігері дайындаған палау болды. Біз ол кезде Жаңа жылды алғаш рет АҚШ-та қарсы алған едік. Ал үйді, сүйікті тағамдарды қатты сағынған кезіңде мұндай сыйлық өте құнды. Сайыпжамал Абайдуллақызы – біздің махаббатымыз! (күледі)", - деді Алдабергенова.
Грек-рим күресінің шебері Исхар Құрбаев әлем чемпионатындағы жеңісі үшін мемлекет тарапынан үй берілгенін атап өтті.
"Мен жаңа жылда ерекше сыйлық алған емеспін. Бірақ 2023 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткенім үшін мемлекет маған үй сыйлады. Бұл мен үшін үлкен қуаныш және өмірімдегі ең ерекше сыйлық болды. Мен мұны еңбегім мен күш-жігерімнің шынайы бағасы деп білемін. Бұл үй тек жеңістің емес, болашақтағы жетістіктерге деген сенімнің белгісі ретінде көрінеді", - деді Құрбаев.
Су полосынан Қазақстан құрамасының мүшесі Виктория Хританькова сүйіктісі күшік сыйлағанын еске алды.
"Мен үшін ең ұзақ күттірген және ерекше оқиға – Боня есімді күшігім болды. Жігітім жаңа жыл қарсаңында сыйлық ретінде табыстады. Әр адам Жаңа жылда ғажайыпқа сеніп, күтуі мүмкін, ал менің өміріме осы ғажайып келді. Кішкентай ғана жануар мені қуанышқа бөлеп, бақытты сәттерді бірге қарсы алды", - деді спортшы.
Еске салайық, қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасындағы жетістігінен кейін қандай сыйлықтар алғаны туралы айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2206713-qazaqstandyq-sportshylar-zhanga-zhyl-qarsangynda-algan-erekshe-syilyqtary-turaly-aitty/