2025 жылы 13-23 қаңтар аралығында Италияның Турин қаласында XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиада өтеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Әлемнің 57 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысатын ірі студенттік бәсекеде 11 спорт түрінен 96 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Биыл алғаш рет екі жаңа спорт түрі енгізілген: пара тау шаңғысы және пара шаңғы жарыстары.
Универсиадада Қазақстан намысын 103 спортшы қорғамақ, олар ұлттық және жастар құрамаларының мүшелері. Қатысушыларды осы жылы Оқу-ағарту министрлігі "Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы" РМҚК іріктеген.
FISU ережелеріне сәйкес, барлық қатысушы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 17 жаста болуы және 25 жастан аспауы керек. Сондай-ақ олар өздері намысын қорғайтын елдің азаматы болып, жоғары оқу орнында білім алуы шарт.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы өз тарихында ең жақсы нәтижені 2017 жылы Алматыда өткен Универсиадада көрсетіп, жалпы медаль есебі бойынша екінші орынға ие болған еді. Сол кезде қазақстандық спортшылар 36 медаль (11 алтын, 8 күміс және 17 қола) жеңіп алды.
Универсиада-2017-де жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарында шаңғы жарысынан Иван Люфт, Ринат Мухин, Олжас Климин, Анна Шевченко, Ольга Мандрика, биатлоннан Галина Вишневская, Роман Еремин, фристайл могулдан Павел Колмаков,Юлия Галышева, шорт-тректен Денис Никиша, Анита Ногай, Ольга Тихонова, Мадина Жанбусинова және тағы басқа спортшылар бар. Олардың көбі бүгінде еліміздің ұлттық құрамаларында көшбасшы атанып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2207168-italiiada-otetin-qysqy-universiadaga-qansha-qazaqstandyq-sportshy-qatysady/