Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Допты жерге түсірмей 7994 рет тепкен 14 жастағы қазақ баласы әлемдік рекордты жаңартуы мүмкін (видео)

Жарияланған күні:

Мейрамбек Сілеусінов
Мейрамбек Сілеусінов. Скриншот: youtube.com/@tv24kz

Түркістан облысында тұратын 14 жастағы Мейрамбек Сілеусінов допты жерге түсірмей, 7994 рет тепті. Спорт сарапшыларының айтуынша, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды 24.KZ телеарнасының сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Мейрамбек Сілеусінов әуелете доп тебуден "Ордабасы" футбол академиясы ұйымдастырған сайыста 2 сағаттан астам уақыт бойы допты жерге түсірмей 7994 рет тепкен. Десе де Мейрамбектің нәтижесі әлем рекорды ретінде ресми түрде әлі бекітілген жоқ.

"Мен жарысқа 1 аптадай дайындалдым. Теңертең сабаққа кетемін, түсте келемін. Күн сайын 2-3 мың рет тебемін. Жарысқа барғанда қорқыныш сезімі болған жоқ. 8 мыңды істеймін дедім, кейін бас жүлдені алдым", - деді Мейрамбек.

Мейрамбек футболмен 3 жылдан бері айналысады. Оны спорттың бұл түріне ағасы Бекарыс баулыған. Ол інісінің ерекше қабілетке ие екенін байқап күн сайын бос уақытында топ тебуді үйреткен.

"Мейрамбек өзі жастайынан допқа құмар болып ойнап өсті. Бірте-бірте қызығушылығын байқадым. Байқағаннан кейін әрмен қарай қызығушылығын ояту мақсатында сапалы доптар алып дайындығын күшейте бастадық. Жалпы жетістікке жету үшін ең алдымен шыдам керек. Адам шыдаса ғана бәр нәтижеге жететіні анық", - деді Мейрамбектің ағасы Бекарыс Тойлыбаев.

Мейрамбектің рекорды әзірге құжат жүзінде бекітілмеген. Бірақ оның 3 сағатқа жуық допты түсірмей тепкенін дәлелдейтін видеолары бар. Егер рекордтар кітабына енгізу үшін қайта доп тептірсе оған да дайын. Ал оқушының осы көрсеткішіне қарап оны үлкен футбол клубтары шақырта бастаған. 

"Біздің ойымыз қазір бұл баланы ауданнан алып кету керек. Ағасына да айттық. Енді ағасы жақында қалаға көшіп келіп осы жаққа, інісі екеуі Шымкентке көшпекші. Содан кейін біз академияға алып барамыз. Ол жерден жақсы ойнап кетіп жатса, өзіміздің Ордабасыға шақырамыз. Ары қарай жататын жерін де, тамағын да "Ордабасы", Оңтүстік академия төлейді", - деді "Ордабасы" футбол академиясының өкілі Арман Пірманов.

8-сыныпта оқитын Мейрамбек болашақта Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ойнауды армандайды. Сонымен қатар әуелете доп тебуден өз рекордын 10 мыңға жеткізіп, әлемде бірінші болуды қалайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2209751-messi-men-ronaldudan-ozdy-qazaq-balasy-dopty-zherge-tusirmei-7994-ret-tepti-video/