Спорт

Зектілері

Алматы әкімдігі әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоровқа құрмет көрсетті

Жарияланған күні:

Бейбіт Шаханов пен Михаил Шайдоров
Бейбіт Шаханов пен Михаил Шайдоров. Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімдігінде мәнерлеп сырғанаудан Бостонда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоровқа құрмет көрсетілді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов спортшыны құттықтап, бұл жетістігі табандылық пен мақсатқа жетудің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Кездесу барысында Бейбіт Шаханов Алматы әкімдігінің атынан Михаил Шайдоровқа 2,5 миллион теңге көлемінде қаржылай сертификат табыстап, оның отандық спортты дамытуға және қаланы халықаралық деңгейде танытуға қосқан зор үлесін айтты.

"Сіз еліміздегі мәнерлеп сырғанаудың абыройын арттырып қана қоймай, жүздеген жас спортшыға өзіне сенуге және алға ұмтылуына шабыт бердіңіз. Жаттықтырушыңыз Әсем Робертқызы Қасановаға ерекше алғыс айтқым келеді. Ол – өз ісіне адал, дана, жоғары кәсіби маман. Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының бас бапкері ретінде спорттың дамуына, мұз айдынында жаңа жұлдыздардың жануына үлкен үлес қосып жүр", - деді Бейбіт Шаханов.

Бейбіт Шаханов, Михаил Шайдоров, Әсем Қасанова
Бейбіт Шаханов, Михаил Шайдоров, Әсем Қасанова. Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Михаил Шайдоров та қолдау көрсеткені үшін әкімдікке алғысын айтты.

"Мен қала әкімдігіне, алматылықтарға қолдау көрсеткені үшін өте ризамын. Бұл мені шабыттандырып, әрі қарай жетістікке жетуге күш береді. Бұл менің ғана емес, бүкіл елдің жеңісі, маған сеніп, осы жолда көмектескен көпшіліктің еңбегінің нәтижесі", - деді Михаил Шайдоров.

Естеріңізге сала кетейік, Михаил Шайдоров биыл 25-30 наурыз аралығында АҚШ-тың Бостон қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2235489-2-5-mln-tenggening-sertifikaty-almaty-akimdigi-alem-chempionatynyng-kumis-zhuldegeri-mihail-shaidorovqa-qurmet-korsetti/