RU

Шетелдік БАҚ: Малайзияның 2014 жылы жоғалған ұшағы Қазақстанға құпия қонуы мүмкін

Үндістанның Asian Age газеті Куала Лумпурдан Пекинге ұшып бара жатып, 2014 жылдың наурызында жоғалып кеткен «Малайзия әуе желісі» компаниясының МН370 рейсі ұшағы туралы жазады деп хабарлайды Азаттық.

Газет МН370 рейсі ұшағы «шындығында, Владимир Путин бұйрығымен ұрланып, құпия түрде Қазақстанға қонған» деп мәлімдеген АҚШ-тың ғылым және технология жөніндегі сарапшысы Джефф Уайздің былтырғы теориясы жайлы әңгімелейді.

Джефф Уайз бұл теориясын Ұлыбританияның Inmarsat телекоммуникация компаниясы Boeng 777 ұшағынан тараған акустикалық сигналдарды ұшақтың өзі радардан жоғалып кеткеннен кейін жеті сағат бойы тіркеген деген болжамға сүйеніп жасаған. Asian Age басылымы «Малайзия әуе желісі» компаниясының 2014 жылдың шілдесінде Украинаның шығысында зымыранмен атып түсірілген тағы бір ұшағының апатына қатысты Ұлыбританиядағы Bellingcat зерттеу тобы жүргізген тексеру «екі апатқа да Ресей президенті Владимир Путин жауапты болуы мүмкін деген таңғаларлық теорияны қоздыра түседі» деп жазады.

Asian Age газеті «Уайздың жоғалып кеткен МН370 ұшағына қатысты теориясына сәйкес, ұшақты ұрлаушылар оны басқа бағытта ұшып бара жатқан сияқты етіп көрсету үшін, ұшақтың навигациялық жүйесін «бұзған», бірақ ол Қазақстаннан Ресей жалдап отырған Байқоңыр ғарыш айлағына қарай ұшқан» деп жазады.

МН370 рейсі ұшағын ұрлап әкетуге қатысты расталмаған бұл теорияны Ұлыбританияның Express таблоид газеті де сипаттаған.

МН370 рейсі ұшағының жоғалуы авиация тарихындағы ең үлкен жұмбақтың біріне баланады. Ұшақ жоғалғаннан кейін талай ай бойы түрлі сарапшылар ұшақ Үнді мұхитында Австралияның Перт қаласы түбінде күйреген, Сан-Диего әскери базасында қонған, «Талибан» террористері немесе тіпті бөгде ғаламшарлықтар ұрлап әкеткен деген қилы теорияларды ұсынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1059154-sheteldik-baq-malayziyanynh-2014-zhyly-zhoghal/