RU

Латвия тұрғыны мысықты тірілей өртеп жібергені үшін жауапқа тартылуда

Латвияның Гробинь өлкесіндегі Капселе қалашығының тұрғыны мысықты тірілей отқа жағып жіберді деген күдікке ілінді. Бұл туралы delfi.lv порталының дерегіне сүйенген ras.kz хабарлады.

13 наурыз күні жергілікті  тұрғын әлдеқандай ер кісінің лаулап жанып жатқан отқа мысықты лақтырып, оның тірілей жанып кетуіне себепкер болғанын полицияға жеткізген.

Тәртіп сақшылары анықтағандай, 12 жасар екі бала көшеден мысық тауып алады. Олар жануардың жарақаты бар екенін аңғарады. Содан соң, мысыққа көмектеспекші болып, ересек таныстарына өтініш айтады. Сол кезде жақын маңда от жағып жүрген жасы 50-лердегі ер адам балаларға мысыққа тимеуді тапсырып, өздеріне аулақ кетуге бұйырады.

Сонымен, балалар кетіп қалады. Бірақ көп ұзамай қайтып оралады. Алайда, олар мысықты орнынан таппай қалады. Кейін нақтылап қарағанда, жанып жатқан от ішінен жануардың күйіп кеткен сұлбасын байқаған.

Полиция бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Енді мұны жасаған ер кісіні бес жылға дейін түрмеде отыру немесе қысқа мерзімге отырып, дүние-мүлкін тәркілету жазаларының бірі күтіп тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1072431-latviya-turghyny-mysyqty-tiriley-ortep/