Қазақстанның Армениядағы елшілігі "Назарбаев" көшесіне қатысты түсініктеме берді
Опубликовано:
Қазақстанның Армениядағы елшілігінің өкілдері Аричте «Назарбаев көшесінің ресми түрде мүлде болмағанын» айтады. Бұл туралы Азаттық хабарлайды.
"Онда (Арич ауылында – ред.) мұндай көше ресми түрде жоқ. Тұрғындардың өздері тақтайша іліп қойған", - дейді елшілік өкілі Әскер Киіков.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Арменияның Ширак облысы Арич ауылында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына берілген орталық көшенің атауы өзгертілетін болды.
Алайда Арич ауылының басшысы Роланд Назаретян «көшеге Назарбаев есімін беру туралы арнайы шешім болғанын» айтты.
Таулы Қарабақтағы жанжалдан кейін 8 сәуірде Ереванда өтуі тиіс Еуразия экономика одағының үкіметаралық кеңесі Қазақстан тарапының келмеуіне байланысты өтпей қалған еді. Қазақстанның үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Мәскеуге кеңесті басқа елде өткізу туралы ұсыныс жасаған. Ал Армения Қазақстанды ЕАЭО-ның Ереванда өтуі тиіс болған саммитіне Әзербайжанды қолдау ниетімен қарсы шықты деп айыптаған болатын.
Назарбаевтың Түркия президенті Ердоғанды құшақтағанынан кейін тұрғындардың шыдамы тіптен таусылған.
2015 жылдың көктемінде Астана қаласындағы Левон Мирзоян атындағы көше де армян диаспорасының қарсылықтарына қарамастан Қаныш Сәтбаев атына өзгертілген болатын. Бастама иелері «тарихшылар Мирзоянның қазақ интеллигенциясын жойылуына ықпал еткенін дәлелдеді» деген уәж айтқан.
Арич ауылындағы Назарбаев көшесі Қазақстан президентінің атына берілген тұңғыш көше емес. 2015 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында да Эспаранто көшесіне тұрғындардың наразылығына қарамастан Назарбаевтың аты берілген. Былтыр Түркияның Адан қаласында да Назарбаев көшесі пайда болды. Бұл - Түркияда Назарбаев атымен аталған төртінші көше.
Ал Аричтағы Назарбаев көшесі - Қазақстан президентінің атына берілген көшелердің ішінде атын өзгерткен алғашқысы. Арич ауылы тұрғындарының саны бір мыңнан асады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Арменияның Арич ауылында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың белгісі ретінде пайда болған. 2011 жылы ондағы Қазақстан елшілігінің бастамасымен Қазақстан президентіне арналған бұрыш ашылған. Бұған дейін Азаттық Қазақстан елшілігінің жергілікті кітапханаға жылына бірнеше мәрте қажетті заттар сыйлап тұратынын жазған да болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1105995-qazaqstannynh-armeniyadaghy-elshiligi-n/