Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Грузия ғажайыптары: Аджария жүрегіндегі Батуми

Опубликовано:

Әлемдегі геосаяси ахуал жаз айларында демалысқа асығатын халықтың көңілін күпті қылып қойды. Көбіне Түркия мен Еуропа елдерін аралайтын қазақстандықтардың алдағы демалыс маусымына арналған жоспары өзгергені анық. Осы орайда, біз қауіпсіздігі жөнінен әлемде үздік ондыққа кіретін Грузия еліне саяхат жасаудың маңыздылығы туралы әңгімелемекпіз.

Грузияның Батуми қаласын бетке алған бір топ жолаушы Астана әуежайында жолықтық. Бізге жол көрсететін гидтен басқасының барлығы курортты қалаға алғаш рет сапар шеккелі тұр екен. Астананың таңғы салқыны тоңазытқан жолаушыларды Влада есімді бойжеткеннің әңгімесі біраз сергітіп тастады. Ол бізді Грузияның керемет табиғаты мен қонақжай халқы күтіп тұрғанын айтып, көңілімізді көтерумен болды.

Ескі де жаңа Батуми

Қазақстанның әр түкпірінен келген 40-тан аса жолаушы SkyBus әуекомпаниясына тиесілі ұшақпен Батумиге 3 сағат 30 минутта жеттік. Ұшақтан түскен бізді грузин ұлттық киімдерін киген қыз-жігіттер құшақ-құшақ гүлмен, ақжарқын көңіл-күймен қарсы алды. Әрине, бұл жолаушылардың көңілін көтеріп тастағаны сөзсіз. Бір қызығы, дәл сол күні (15 сәуір) грузин халқы ғашықтар күні мерекесін тойлайды екен. 15 сәуірде қазақ елі де «Қозы-Көрпеш пен Баян сұлу» күнін атап өтетінін айтып, екі елдің ұқсастығына таңырқасып қалдық.

Батуми – Грузия мемлекетіне қарасты Аджария автономиялы республикасының әкімшілік орталығы. Қара теңіздің жағасында орналасқан қала күн санап көркейіп келеді. Әсіресе, соңғы жылдары Батумиге бет түзейтін туристер санында шек жоқ. ТМД мемлекеттері мен алыс-жақын Еуропадан келіп демалатын туристерді қаладан көп кезіктірдік. Демалыс маусымы әлі бастала қоймағанын ескерсек, жаз айларында мұндағы халық нөпірінің қандай болатынын елестету қиын емес.

Шыны керек, Батуми жаңа мен ескі ұштасқан қала. Мұндағы ғимараттар архитектурасының ерекшелігімен менмұндалап тұрады. Қалада бір-біріне ұқсайтын немесе туристердің есінде қалмайтын ескерткіштер әсте жоқ. Биік ғимараттар мен су жаңа үлгідегі қонақүйлер жаңа Батумидің келбетін арттырса, тас төселген ойлы-қырлы тар көшелер мен бірін-бірі бойлай орналасқан тұрғын үйлер Батумидің өткенінен сыр шертіп тұр.

Грузия 2005 жылдан бастап туризмді дамытуға шындап ден қойған. Әсіресе, Қара теңіз жағасындағы курортты Батуми қаласы көршілес Түркияның туристер жиі саяхаттайтын қалаларымен бәсекелесе бастады. 10 жыл ішінде Грузияға келетін туристер саны 7 есеге өскен. Бұл туристік инфрақұрылымды дамытуға бөлінген ірі қаржы мен үлкен күштің далаға кетпегенін білдірсе керек.

Хачапуриден дәм татыңыз

Қаладағы бес жұлдызды қонақүйлердің біріне жайғасқан соң, біздің топ аджариялық хачапуриден дәм татуға асықты.

Хачапури - грузин халқының ұлттық тағамдарының бірі. Ал аджариялық хачапури бүкіл Грузияның ғана емес, Батуми қаласының негізгі тағамы болып саналады. «Порто-франко» деп аталатын дәмхана қызметкерлері алыс жолдан шаршап келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды.

Ал хачапуриді дайындайтын ас үйге кіргенде, біз қолы қолына жұқпай, өте жылдам қимылдайтын аспаздардың ортасына түстік.

Ес білгелі хачапури жасаумен айналысып келе жатқан аспаздардың бірі бір минуттың ішінде бірнеше нанды ысып тастайтынын мақтанышпен жеткізді.

Аджариялық хачапуридің пішіні де өзгеше. Тостаған секілді жайылған қамырдың ішіне ірімшік пен жұмыртқа салынады. Кейін ағаштың шоғымен жылынатын үлкен пешке пісірілген хачапуриге сары май қосып жейсіз.

Бір қарағанда, бұл тағам қазақтың шоққа піскен таба наны мен сары майын есіңізге салады.

Түркия да алыс емес

Хачапуриден дәм татқан соң, біздің автобусымыз Грузия мен Түркия шекарасына жол тартты. Еске сала кетейік, Аджария автономиялы республикасы біраз уақыт Осман империясының қарауында болған. Христиан мемлекеті болып саналатын Грузияға сол уақытта ислам діні де ене бастады. Ислам дінін негізінен Аджария автономиялы республикасында ұстанады. 2002 жылғы санақ бойынша,  Грузия халқының 9,9 пайызы ислам дінін ұстанады. Қаладан көптеген проваславтық ескі шіркеулерді мен синагога орталықтарын жиі кездестірдік. Жергілікті халық  әулие Троица, әулие Варвара, әулие Георгий, әулие Николай шіркеулерін ерекше мақтан тұтады.

Айтпақшы, аджариялықтар мен грузиндердің айырмашылығы қандай деген сұрақ бәріміздің көкейімізде туындағаны рас. Жалпы алғанда, олардың ешқандай да айырмашылығы жоқ. Тек Осман империясы қаланы босатар кезде Аджарияға ең болмағанда автономиялық респубика деңгейін беруді талап еткен. Бүгінде Грузия мен Түркия шекарасында орналасқан Сарпи ауылының тұрғындары екі елдің азаматтығына ие. Ал Батумиде демалуды жоспарласаңыз, еш қиындықсыз Түркия тарапына өтіп, Трабзон қаласынан брендті киім-кешектер сатып алуға үлкен мүмкіндік бар.

Батуми ғажайыптары

Батумиге  жеткенімізде күн шайдай ашық болған. Алайда, күннің ұясынан шыққанын көруге асыққан біздің ойымыз орындалмай қалды. Ертеңіне жаңбырлы күн күтіп тұрды. Әйтсе де, Батумидің көрікті жерлерін аралауға жаңбыр да кедергі болған жоқ.

Батуми гүлзары

Қаладағы туристер ең көп шоғырланған орын – Батуми гүлзары. Гүлзар «ескі» және «жаңа» болып екіге бөлінеді. Ескі гүлзардың салынғанына жүз жылдан аса уақыт болса, жаңа гүлзардың келбетін биік те сәнді ғимараттар енгізіп тұр. Ұзындығы 7 шақырымға созылатын гүлзар велосипедпен серуендеуге таптырмайтын орын. Мұндағы сапалы веложолдармен тіпті, әуежайға дейін жетіп алуға болады.

Пьяцца алаңы

2009 жылы қолға алынған бұл жобаны өте сәтті деп атауға негіз бар.  Жергілікті халық «Пьяцца» алаңын «кішігірім Италия» деп атайды. Алаң Венециядағы Сан-Марко алаңына аздап ұқсайтындықтан, туристерді де бұл жерден көп кезіктіруге болады. Жаз кезінде мұндағы кафе мен мейрамханалар туристерге лық толып, жанды музыка ойнап тұрады.

Еуропа алаңы

Грузияның Еуропа елдерімен жақсы әрі тығыз қарым-қатынаста екенін көрсетуге арналған бұл алаң орталық көшелердің қиылысында тұр. Ал 2007 жылы орнатылған Медея ескерткіші грузиндердің Еуропа әлемімен байланысын сипаттайды.

«Алфавит» мұнарасы

Биіктігі 130 метрге жететін «Алфавит мұнарасы» грузин әліпбиінің әдемілігін дәріптеу үшін қойылған. Мұнараның төбесіндегі мейрамханадан теңізге қарап отырып тамақтануға болады. Сапар барысында бізге жол көрсетуші гид ерте заманда халықтың сауат ашпай, әріп танымауы үшін үлкен күш салынғанын айтып қалды. Әйтсе де, әдемі әрі күрделі грузин алфавитіне қарап, халықты сауатсыз болды деп айту қиын.

Ғажайыптар саябағы

Мұнара маңында қаланың барлық келбетін анық көрсетететін дөңгелек орнатылған. Бұдан бөлек, грузиннің алкогольдік сусындарын  жете бағалағыңыз келсе, «Чача мұнарасына» көтерілсеңіз болады. Чача – грузиндердің алкогольді сусыны. Шарап дайындаланатын жүзім қалдықтарынан жасалатын алкоголь өнімі жерлігікті халық пен туристер арасында үлкен сұранысқа ие.

«Әли мен Нино» мүсіні

Бір-біріне қосылмай кеткен әзірбайжандық Әли мен грузин қызы Ниноның махаббаты туралы дастан кез-келгенді елжіретері анық. Ал оларға қойылған ерекше мүсінді міз бақпай тамашалаушылар қатары тым көп. Әли мен Ниноның ескерткіші 8-10 минут сайын айналып, бір-бірімен қосылады да, кейін ажырасып кетеді. Тағдыр тәлкегімен қосыла алмаған ғашықтар хикаясы керемет скульптурамен халықтың жүрегіне жол тартты.

Батумидегі ғажайыптар тізімі мұнымен бітпейді. Егер сізді ерте ғасырдағы ғимараттар мен үйлер қызықтырса, қалада алаңсыз серуендесеңіз болады. Сарқырамалар мен ну ормандар, шарап үйлері мен дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдар Батумиде қонақ болған әрбір жанның көңілінен шығары анық.

Батумидгі қонақүй бағалары да әртүрлі. Сіз қымбат апартаментті нөмірлерін ұсынатын қонақүйге де, қалтаңыз көтеретін орта бюджетті жатын орындарға да, хостелдерге де тұрақтай аласыз.

Бүгінде қазақстандық SkyBus әуекомпаниясы еліміздің 9 қаласынан Батумиге тікелей әуе рейстерін орындайды. Батумиде естен кетпес демалыс өткізгіңіз келсе, компанияның ресми сайтынан толық ақпарат алып, SkyBus-ты таңдасаңыз болады.

Келесі жолы біз сіздерге таулы Тбилиси мен ондағы ерекше дәмді шараптарды және әйгілі Александр Дюманың өзі айлап жатқан ескі моншалар туралы әңгімелейміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1109944-gruziya-ghazhayyptary/

pixel