Тбилисидегі вегандар кафесіне «шұжық шабуылы» жасалды

Опубликовано:

Тбилисидің орталығындағы «Киви» деп аталатын вегандар кафесіне оншақты адам басып кіріп, аспаздар мен қонақтардың тағамдарына шұжық салып, төбелес шығарған. Төбелес кесірінен көрсетіліп жатқан ағылшынша фильм тоқтатылған деп хабарлайды Азаттық.

Куәгерлердің айтуынша, бұзақылар – әсіреоңшыл ұлтшылдар. Көшеде жалғасқан төбелеске тек «ет жегіштер» мен вегандар ғана емес, осы маңайда тұратын көршілер де қатысқан. Арасында жеңіл жарақат алғандары да бар. Шабуылдаушылар полиция жеткенше ізін суытқан, тәртіп сақшылары жауап алу үшін кафенің бірнеше қызметкерін қамаған.

Бұл оқиғаны Батыс қоғамындағы вегандар мен оларды жақтырмайтын қарсылас топтың арасындағы кикілжіңнің жалғасы деп қоя салуға да болар еді. Бірақ Грузиядағы соңғы оқиғаларды еске түсірсек және кафедегі төбелестің тек ет жеу тақырыбымен шектелмегенін ескерсек, мәселенің мәнісі тым тереңде сияқты.

«Киви» кафесі 30 мамырда Facebook-тегі парақшасында жариялаған мәлімдемесінде оқиғаны «вегандарға қарсы арандатушы әрекет» деп, ал бұзақыларды «фашистік идеяларды жақтайтын неонацистер» деп атаған. Мәлімдемедегі ақпаратқа қарағанда, осы адамдар бұл маңайға бір айдан бері келіп, жақын жердегі дүкен сатушысынан «Мұнда ЛГБТ қауымдастығының мүшелері жиі келе ме?» деп сұрап кеткен.

Тбилисиде бір жылдай бұрын ашылған «Киви» кафесі – контрмәдениет (жергілікті мәдениетке жат) стиліндегі қоғамдық орын. Мұнда әсіресе шетелдіктер көп келеді әрі қызметшілерінің біразы – ағылшын тілінде сөйлейтін шетел азаматтары.

29 мамырда төбелес болған сәтте кафеде «Рик пен Морти» атты америкалық ересектерге арналған ғылыми-фантастикалық мультфильм ағылшын тілінде көрсетіліп жатқан.

Кафеде болған куәгерлердің айтуынша, фильм жүріп жатқанда мойындарына шұжық іліп, істік темірге қадалған ет ұстаған адамдар баса-көктеп кіріп келген.

«Киви» кафесінің мәлімдемесінде: «Олар қуырылған еттерін, шұжықтары мен балықтарын шығарып, жей бастады, тағамдарын бізге де лақтырды, содан соң темекі шеге бастады... Бізді кемсітіп, достарымызды арандатуға тырысты» делінген.

Кафе ішінде шылым шегуге тыйым салынғандықтан, әкімшілік олардан сыртқа шығуды талап еткен, төбелес содан басталған.

30 мамырда «Киви» кафесі «ұлтына, нәсіліне, түр-келбетіне, жынысына, сексуалдық бағытына, діни наным-сеніміне қарамастан кез-келген қонақты қарсы алуға дайын» екендіктерін хабарлады.

Вегандар кафесіндегі оқиға жат мәдениет өкілдеріне наразы топтың бұзақылық әрекеті ғана дегенге сенбейтіндер бар.

Тбилисидің кей тұрғындары «Киви» кафесіндегі жұдырықтасу мен одан үш күн бұрын болған ұлтшылдар шеруі – грузин әсіреұлтшылдарының ұйымдасқан саяси әрекетке көшкенінің нышаны» деп секем алады.

Тағы оқыңыз:

АҚШ Еуропада теракт болуы мүмкін екенін ескертті

Өзбекстанда 10 баланың анасы тұрмысы төмен отбасының қыздарын шетелге сатып күнелткен

Ердоғанды балағаттаған «Түркия аруы» 14 айға сотталды

Тәжікстанда раушан гүлін иіскеген ондаған оқушы естерінен танып қалды

Ресейдегі гастарбайтерлер жаппай елден қуылып жатыр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1145843-tbilisidegi-vegandar-kafesine-shuzhy/