Ердоған ешқайда кетпей, халқымен бірге болатынын мәлімдеді

Опубликовано:

Түркия президенті Режеп Ердоған ешқайда кетпей, Түркия халқымен бірге болатынын мәлімдеді деп хабарлайды РИА Новости-ге сілтеме жасап NUR.KZ.

Түркия басшысы елдің оңтүстік-батысында орналасқан Мармаристегі қонақүйде болғанын, қонақүйден кеткен соң, ғимаратқа қарулы шабуыл жасалғанын айтты.

"Мен кеткеннен кейін олар қонақүйді бомбалаған. Төңкеріс жасамақ болған аз ғана сатқын әскери топтың әркетіне толық тосқауыл қойылады. Бұған ешкімнің күмәні болмасын. Мен өз халқыммен бірге боламын, ешқайда да кетпеймін", — деді Ердоған Ыстамбұлдағы баспасөз жиынында.

Трансляцияны NTV арнасы жүргізді.

"Біз өз әскерімізді сатқындардан тазартамыз. Олар халыққа қарсы қару кезенді. Біздің қарулы күштеріміздегі жоғарғы шенділерден бастап әлі талай адам тұтқынға алынады", - деді Түркия басшысы.

Сондай-ақ, президент тұрғындарды көшеден кетпеуге шақырды деп хабарлайды Азаттық.

Ыстамбұлдағы Ататүрік атындағы әуежайға сенбі күні ұшақпен жеткен соң Түркия президенті Режеп Ердоған өзін қолдаушылар алдында сөйлеген сөзінде "Түркияда халықтың ерік-жігерінен жоғары билік жоқ" деп мәлімдеген.

Елде мемлекеттік төңкерісті «әскерилердің шағын тобы» жасамақ болғанын айтқан Ердоған «бүлікшілер қандай қызмет атқаратындығына қарамастан бұл үшін қатаң жазаға тартылады» деп мәлімдеген. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Бұған дейін Ердоған елде төңкеріс жасап, билікке ие болғысы келген әскерилердің «мақсаты іске аспайтынын» айтып, халықты «демократияны құтқаруға» шақырған. Бұдан соң президентті қолдайтын тұрғындар көшеге шығып, әскерилерді бүліктен бас тартуға көндіруге тырысты. Жергілікті ақпарат құралдары бүлікті ұйымдастырған бірқатар лауазымды әскери басшылардың ұсталғаны туралы хабарлады.

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым елде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған 130 адам тұтқындалғаны, бір генералдың қаза тапқаны туралы хабарлаған.

Ыстамбұл мен өзге де қалаларда сенбіге қараған түні болған қақтығыстардан ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жараланғаны туралы хабарланды. Анкарада қақтығыстар барысында кемінде 42 адам мерт болған деген ақпарат тарады.

Түркияда шілденің 15-і күні кешкісін әскерилер билікті қолдарына алатыны және бүкіл ел көлемінде әскери жағдай жарияланып, коменданттық сағат тәртібі енгізілетіні туралы мәлімдеген. Елдің ірі қалаларында көшеге қарулы әскер мен техника шығарылған.

Тағы оқыңыздар:

Түркияда әскерилер мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті басып алмақ болды (фото, видео)

Ердоған Skype арқылы халықты көшеге шығып, демократияны қорғауға шақырды

Түркиядағы Қазақстан азаматтарына қонақүйден шықпауға кеңес берілді

Ниццадағы теракті кезінде Қазақстан азаматы қаза болды

Астанада дінінен жерінген келіншек хәл үстінде жатқан қызына қан құйғызбай шу шығарды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1191276-erdoghan-turkiyada-khalyqtynh-erik-zhiger/