Қазақстан мен Қытай, тағы бірнеше ел пандемияға қарсы қамал орнатпақ
Опубликовано:

Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Моңғолия пандемияға қарсы қамал орнатып, Денсаулық жібек жолы мен денсаулық қоғамдастығын құрмақ. Бұл туралы Қытай СІМ басшысы мәлім етті деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ван Идің айтуынша, аталған елдермен вируспен күресіп, пандемияға қарсы ынтымақтастық пікір алмасқаннан кейін осындай шешім қабылданған деп жазады CentralAsia.Media.
Ван И пандемия кезінде Қытай мен осы төрт ел бірін-бірі қолдап, инфекциямен күресу үшін тиімді ынтымақтастықта болғанын атап өтті.
Қытай министрі коронавируспен күресу үшін Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Моңғолия төрт бағытта бірлесіп әрекет ететіндігін айтты.
Біріншіден, бұл елдер пандемияға қарсы ынтымақтастықты нығайтады, ДДСҰ-ның үйлестіруші рөлін берік қолдайды, сондай-ақ пандемияны саясаттандыруға және вирусты географиялық тұрғыдан таңбалауға қатысты кез келген іс-әрекетке қарсы шығады.
Екіншіден, тізімге енген елдер өздерінің пандемияға қарсы жетістіктерін нығайтады және кеңейтеді.
Үшіншіден, олар вакциналарды жасау, өндіру және сатып алу саласындағы ынтымақтастықты белсенді түрде ілгерілетеді.
Төртіншіден, олар дәстүрлі қытай медицинасында ынтымақтастық жасауға келісілген күш салады.
Ван Идің айтуынша, Қытай адамдардың десаулығы үшін өз медицинасын әр түрлі елдердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін насихаттауға дайын.
Сонымен қатар министр Қытай басқа елдерге мүмкіндігінше көмектесуге дайын екенін айтты. Яғни аспан асты елі вируспен күресу үшін материалдар сатып алуға, мамандар даярлауға, тәжірибе алмасуға және дәрі-дәрмектерді әзірлеуге ынтымақтастық жасамақ ниетте.
Еске сала кетсек, соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде коронавирусты 107 мың адам жұқтырған. Осылайша, ауырғандардың жалпы саны 107 134-ке жетіп отыр.
Ал әлемде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 30,335 млн-ға жетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1874972-kazakstan-men-kytaj-tagy-birnese-el-pandemiaga-karsy-kamal-ornatpak/