Ереванда наразы топ тағы да парламент ғимаратының алдына жиналды (фото, видео)

Опубликовано:

Еревандағы наразылық
Фото: Stanislav Krasilnikov\TASS via Getty Images

Арменияда Таулы Қарабақтағы әскери әрекеттерді тоқтату туралы келісімге наразылық білдірушілер Еревандағы парламент ғимаратының алдына жиналды деп хабарлайды РИА Новости.

Парламент ғимаратын полиция қоршауға алған. Үкімет үйінің жанында жүзге жуық адам жиналып, Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы құжатқа қол қоюға қарсы шығып, өз наразылықтарын білдіруде.

Тәртіп сақшылары ғимараттың кіреберісін жауып тастады деген ақпарат бар. Адамдардың көптігіне және олардың белсенді тәртібіне қарамастан, наразылық білдірушілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында төбелес орын алған жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Арменияның премьер-министрі Ресей және Әзірбайжан басшыларымен Таулы Қарабақ бойынша келісімге келгендері туралы мәлімдеді. Мәлімдемеге сәйкес, аталмыш аймақ үшін соғыс тоқтатылмақ.

Пашинян бұл шешім "әскери жағдайды жан-жақты талдау нәтижесінде қабылданды" деп атап өтті. Ол бұл қадамды қазіргі жағдайда ең дұрыс қадам деп атады және соғыс қимылдарының тоқтатылуы "жеңіс те, жеңіліс те емес" екендігін алға тартты.

Сонымен қатар, Пашинянның мәлімдемесіне наразылық білдірген жүздеген адам Армения үкіметінің ғимаратына басып кіріп, елдің премьер-министрі Никол Пашинянның үйіне қарай бет алған болатын.

Наразылық білдірушілер парламенттің бірінші қабатының терезелерін сындырған. Куәгерлердің айтуынша, алаңда фейерверктердің немесе атылған оқтардың дыбысы естілген екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1883951-erevanda-narazy-top-tagy-da-parlament-gimaratyny-aldyna-zinaldy-foto-video/