Австриялық СІМ: ЕК Путин мен Лавровты санкциялық тізімге енгізеді

Опубликовано:

Владимир Путин
Владимир Путин. Фото: kremlin.ru

Австрияның сыртқы істер министрі Александер Шалленберг Еуропа кеңесіне мүше мемлекеттер Ресей президенті Владимир Путин мен РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавровты санкциялық тізімге енгізу туралы келіскенін мәлімдеді.

Бұл туралы РИА Новости хабарлады.

Австриялық СІМ басшысының сөзінше, Еуропа кеңесі Путин мен Лавровтың банктік шоттарын тоқтатып қояды.

"Алайда, оларға келуге тыйым салынбайды. Себебі, біз Украинадағы зорлық-зомбылыққа нүкте қою үшін келіссөздер жүргізу мүмкіндігін сақтап қалғымыз келеді", - деді Шалленберг ЕК СІМ басшыларының отырысы алдында.

Еске салсақ, 22 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Донецк халық республикасы мен Луганск халық республикасының тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Ресейдің бұл шешімі әлем елдерінің наразылығын тудырып, бірқатар мемлекет бұл жайтқа ашық түрде қарсы шықты. Бұл әрекетті Украина президенті Владимир Зеленский "Украинаның аумақтық тұтастығын бұзу" деп атады.

23 ақпанда Еуроодақ Донецк және Луганск халық республикаларын мойындаған Ресейге қарсы санкциялар жариялады.

Араға екі күн салып, 24 ақпанда Владимир Путин ресейліктерге үндеу жасап, Донбасста арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Украинадағы жағдайға байланысты қазақстандықтарды қауіпсіз жерге көшіру шаралары басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1958065-avstriyalyq-sim-ek-putin-men-lavrovty-sankciyalyq-tizimge-engizedi/