Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың алтыншы пакетін бекітті

Опубликовано:

Ресей ту1
Көрнекі фото: piqsels.com

2 маусымда Еуроодақ тұрақты өкілдері Ресей Федерациясына қарсы санкциялардың алтыншы пакетін мақұлдап, бекітті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Deutche Welle басылымына сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, жаңа шектеу шараларының негізгі бөлігі - ресейлік мұнайға ішінара тыйым салу.

Еуроодақ елдері келер жылдан бастап танкерлермен Ресейден қара алтын жеткізуді толығымен тоқтатуды жоспарлап отыр. Дегенмен бұл ереже Венгрия, Чехия, Словакияға қатысты емес.

Бұл мемлекеттерге салынған тыйымды ұстамауға рұқсат етілген, өйткені олар Ресей мұнайына қатты тәуелді және теңізге шығатын жол жоқ. Сол себепті аталған үш ел "Дружба" құбыры арқылы Ресейден мұнай импорттауын жалғастыра алады.

Бұған дейін Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен осы жылдың соңына дейін жаңа санкциялар нәтижесінде ЕО-ға Ресей мұнайының импорты 90 пайызға қысқартылатынын айтқан болатын.

Bruegel сараптамалық орталығының дерегінше, Еуроодақ елдері бұған дейін Ресейден келетін мұнайға күніне 450 миллион еуро және газға 400 миллион еуро жұмсаған.

Сонымен қатар алтыншы санкциялар пакетінде ресейлік "Сбербанктің" Swift төлем жүйесінен ажыратылатыны жазылған. Тағы үш Ресейдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралына қатысты да шара қолданылмақ.

Одан бөлек құжатта химиялық заттар мен жоғары технологиялық өнімдерді экспорттауға шектеулерді кеңейту қарастырылған.

Егер Еуроодақ елдерінің ешбірі қарсылық танытпаса, санкциялар бүгін, 3 маусымда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 13:00-де күшіне енеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1972335-euroodaq-reseige-qarsy-sankciyalardyn-altynsy-paketin-bekitti/