Белгісіз біреу Ресейдегі мектепте оқ жаудырды: қаза тапқандар арасында балалар да бар

Опубликовано:

Ижевскідегі №88 мектептің жанындағы төтенше қызмет көліктері
№88 мектептің жанындағы төтенше қызмет көліктері. Оқиға орнынан фото: РИА Новости/Сергей Кузнецов

Ресейдің Ижевск қаласындағы мектепте белгісіз біреу оқ жаудырып, салдарынан алты адам қайтыс болып, 20-ға жуық адам жарақат алды, деп хабарлайды Удмуртия Ішкі істер министрлігі "ВКонтакте" парақшасында.

"№88 мектептегі жағдай бойынша: барлық күштер мен құралдар жұмылдырылды. Оқиға орнында барлық арнайы қызмет, жедел жәрдем жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнына келдім, бұл жерде болып жатқан барлық жағдайды жедел түрде хабарлап отырам", – деп жазды аймақ басшысы Telegram-каналында.

Аймақ басшысының мәліметінше, белгісіз ер адам мектепке кіріп, күзетшіні өлтірген, ал оқушылардың арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Алдын ала дерек бойынша, шабуыл жасаған адам қайтыс болған. Оқиға орнында құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды РИА Новости.

Удмуртия ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, оқиға салдарынан алты адам қаза тауып, 20-ға жуық адам жарақат алған.

Mash Telegram-арнасының ресми емес мәліметтеріне сәйкес, Ижевскідегі мектепке шабуыл кезінде қаза тапқандар саны тоғыз адамға дейін өскен, олардың ішінде бес бала бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1989634-belgisiz-bireu-reseidegi-mektepte-oq-zaudyrdy-qaza-tapqandar-arasynda-balalar-da-bar/