Киевте бірнеше жарылыс болды (фото, видео)

Опубликовано:

Киев
Жарылыс болған жер. Фото: УНИАН

Дүйсенбі, 10 қазанда Украина астанасы Киевте бірнеше жарылыс болды. Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видеолар пайда болды. Ақпаратты қала басшысы да растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ УНИАН агенттігіне сілтеме жасап.

Украиналық және ресейлік Telegram арналар бүгін жарылыс болған Киевтің фотолары мен видеоларын жариялауда. Агенттіктің мәліметінше, ел астанасында төрт жарылыс болған, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жұмыс істеуде.

Киев мэрі Виталий Кличко өзінің Telegram арнасында қалада жарылыстар болғанын растады.

"Шевченков ауданында - ел астанасының орталығында бірнеше жарылыс болды. Барлық қызметтер жұмылдырылды. Толығырақ кейін хабарланады", - деп жазды Кличко.

Желіде бейбіт тұрғындар арасында құрбандар бар екені туралы ақпарат тарауда, бірақ ол әлі ресми расталмаған.

Украина Ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко өзінің Telegram арнасында зымырандардың бірі Володимирская көшесіне құлағанын хабарлады. Бұл көшеде Украина қауіпсіздік қызметінің ғимараты, жақын жерде Зеленскийдің кеңсесі орналасқан.

Сонымен қатар, украиналық ақпарат құралдары Житомир, Львов, Тернополь және Киев облыстарында жарылыс болғанын хабарлауда.

Бүгін Днепропетровскіде жарылыс болған. Бұл ақпаратты Днепропетровск облыстық әскери басқармасының басшысы Валентин Резниченко өзінің Telegram арнасында растады.

Назар аударыңыз! Бейнеде бейәдеп сөздер бар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1991923-kievte-birnese-zarylys-boldy-foto-video/