ҰҚШҰ дағдарысқа ұшырады ма: Қорғаныс министрі жауап берді

Опубликовано:

Жауынгерлер
Көрнекі фото: Қорғаныс министрлігі

Ақордада БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Қорғаныс министрі көршілес елдерде әскери қақтығыс жүріп жатқанда Қазақстанның ҰҚШҰ құрамында болуы қаншалықты дұрыс екені жайында пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Министр Руслан Жақсылықов ҰҚШҰ-ның (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) дағдарысқа ұшырауы туралы сұраққа жауап берді.

"Ешқандай дағдарыс жоқ. Мемлекетіміздің мүшелігіне (ұйымға - ред.) қатысты бәрі тұрақты. Қазақстан өз міндеттемелерін, алдын ала бекіткен жұмыс жоспарларын орындауда. Қандай да бір дүрбелең немесе проблемалар туралы айтудың еш мәні жоқ. Өз мемлекетімізге, заңнамамызға сүйенейік. Біз барлық белгіленген нормаларды сақтап отырмыз, бізде бәрі жақсы", - деді ол.

Журналистер министрге ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасында Қазақстаннан басқа елдердің барлығында қақтығыс болып жатқанда ұйымның қаншалықты қажет екені туралы сұрақ қойды. Жақсылықов бұл жағдайда қазақстандықтардың және мемлекетіміздің еңбегі орасан екенін айтқан.

"Біріншіден, бұл халқымыздың, басшылықтың даналығының арқасы. Көрші елдермен арамызда ешқандай дау жоқ. Олармен тек достық, туыстық қарым-қатынастамыз", - деді министр.

Еске сала кетейік, Қырғызстан Қорғаныс министрлігі өз аумағында ҰҚШҰ командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізуден бас тартты. Олар 10-14 қазан аралығында өтуі керек еді. Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эдил Байсалов осыған орай жақында Тәжікстанмен болған қақтығысқа байланысты ҰҚШҰ-ның оқу-жаттығуларына әскердің қатысуын қоғам құптамайтынын айтқан болатын.

Айта кетейік, қыркүйек айының ортасында Қырғызстан мен Тәжікстан арасында шекаралас аймақтарға байланысты жанжал қайта жанданған.

Қазан айының басында елімізде Алматы және Жамбыл облыстарында ҰҚШҰ оқу-жаттығулары өткен еді. Алайда оған Армения әскерилері қатысқан жоқ. Армения Қорғаныс министрлігі бұған дейін Армения-Әзербайжан шекарасындағы жағдайға байланысты өз әскерін жібермейтінін мәлімдеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1992315-uqsu-dagdarysqa-usyrady-ma-qorganys-ministri-zauap-berdi/