Италия үкіметін алғаш рет әйел адам басқарады
Опубликовано:

Италияның үкімет басына алғаш рет әйел адам келді. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Сенбі күні таңертең елдегі оңшыл партияның жетекшісі Джорджа Мелони Италия премьер-министрі қызметіне ресми түрде кірісті. Бұл туралы BBC хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Агенттіктің хабарлауынша, 22 қазан күні таңертең Мелони және оның коалициялық үкіметінің министрлері ант қабылдаған.
Бұған дейін Италия президенті Серджо Маттарелла Джорджа Мелониге елдің коалициялық үкіметін құруды ресми түрде тапсырған болатын. Сәйкесінше ол жұма күні кешке барлық 24 министрдің есімін жариялады.
БАҚ мәлім еткендей, жаңа үкіметке үш партия енген. "Ағайынды Италия", Маттео Сальвинидің "Лигасы", сондай-ақ Антонио Таяни ресми түрде және бейресми түрде бұрынғы премьер-министр Сильвио Берлускони басқаратын "Алға, Италия!" партиясы кірген.
Сальвини мен Таяни вице-премьер қызметіне ие болған. Сонымен қатар, Таяни Сыртқы істер министрі, ал Сальвини инфрақұрылым министрі лауазымына тағайындалған.
Басылым үкіметтің басқа да құрамын жариялаған.
Мәселен, Маттео Сальвинидің жақтаушысы және заңсыз иммиграцияға қарсы күрескер саналатын Маттео Пиантедоси Ішкі істер министрі, Карло Нордио ("Ағайынды Италия") Әділет министрі, Гидо Кросетто ("Ағайынды Италия") Қорғаныс министрі болған.
Ал елдің Экономика министрлігін "Лиганың" өкілі Джанкарло Джоржетти, Экономикалық даму министрлігін – Адольфо Урсо ("Ағайынды Италия"), Энергетика министрлігін "Алға, Италия!" партиясының өкілі Паоло Зангрилло басқарады.
Айта кетейік, Джорджа Мелони Италия тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр және Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Италия үкіметін басқарып отырған бірінші оңшыл партия өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1993986-italiya-ukimetin-algas-ret-aiel-adam-basqarady/