Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған парадта журналистер Лукашенконың денсаулығына алаңдап қалды (фото, видео)

Опубликовано:

Александр Лукашенко
Александр Лукашенко Мәскеудегі парадта. Фото: president.gov.by

Мәскеуде Жеңіс күніне орай өткен парадта журналистерді Беларусь президенті Александр Лукашенконың жағдайы алаңдатты. БАҚ-тың жазуынша, ол шеруден кейін өзін жайсыз сезінген. Ал әуежайдан оны жедел жәрдем көлігімен алып кеткен.

9 мамырда Мәскеуде Жеңіс күніне арналған шеру өтті, оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысты.

Мемлекет басшылары Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысып, Белгісіз солдат бейітіне гүл қою рәсімін өткізген.

Салтанатты рәсімнен кейін ел басшылары серуендеу үшін Александр бағына бет алған. Осы жерде журналистер Александр Лукашенконың баққа электромобильмен жеткізілгеніне назар аударған. Бұл туралы РИА Новости агенттігінің Кремль пулындағы журналистері өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

Кадрдан президенттердің жаяу жүргені, ал Беларусь басшысының электромобильде келе жатқаны айқын көрінеді.

Александр бағындағы серуеннен кейін мемлекет басшылары Кремльдегі бейресми таңғы асқа жиналған. Жарияланған суреттерден Лукашенконың кездесуге қатыспағанын байқауға болады.

EADaily басылымы атауы көрсетілмеген дереккөздерге сілтеме жасап жазуынша, Жеңіс күніне орай өткен шеруден кейін Беларусь президенті өзін жайсыз сезінген. Денсаулығының нашарлауына байланысты Лукашенко шұғыл түрде Мәскеуден кетуге мәжбүр болған.

"Ресей президенті Владимир Путинмен түскі ас ішу керек болған 68 жастағы Александр Григорьевичті әуежайда жедел жәрдем көлігі күтіп алды", - делінген материалда.

Ал Белоруссиядағы "Белсат" басылымының Telegram-арнасы Лукашенконың шеру барысында қолы таңылғанына назар аударған.

Сонымен қатар шеру кезінде Лукашенконың орнына Беларусь Республикасының қорғаныс министрі Виктор Хренин сөз сөйлеген. Бұл сәттің фотоларын Беларусь басшысының баспасөз қызметіне жақын "Пул Первого" Telegram-арнасы бөлісті.

Осылайша, Лукашенко Жеңіс күніне орай өткен шеруде алғаш рет сөз сөйлеген жоқ, деп жазады БАҚ.

Айта кетейік, Александр Лукашенконың денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме де, пікір де жоқ. Оның баспасөз қызметі БАҚ-та тараған ақпаратқа да әзірге пікір білдірмеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2019874-maskeudegi-zenis-kunine-arnalgan-paradta-zurnalister-lukasenkonyn-densaulygyna-alandap-qaldy-foto-video/

pixel