Әлемдегі ең биік ғимарат пен қала ішіндегі тропика: Дубайға саяхат кезінде қайда баруға болады
Жарияланған күні:
Дубай – Парсы шығананың жағалауында орналасқан Біріккен Араб Әмірлігінің ең әйгілі қаласы. Мегаполис аспан тіреген алып ғимараттарымен, сан алуан қонақ үйлерімен және көрікті жерлерімен әлемге танымал. Бүгінде Дубай жыл мезгіліне қарамастан миллиондаған туристер ағылып келетін әлемнің ең көрікті қаласының бірі. Дубайда демалысыңызды қызықты өткізгіңіз келсе, қала жайлы KAZ.NUR.KZ тілшісінің мақаласын оқыңыз.
Дубай жайлы
Дубай соңғы жылдары қарыштап дамып жатқанына қарамастан, осыдан небәрі 50 жыл бұрын қарапайым балықшылар ауылы болған.
Алайда Біріккен Араб Әмірлігінің көшбасшылығы мен стратегиялық ойлауының нәтижесінде Дубайда соңғы елу жыл ішінде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Бурдж әл-Араб және Бурдж Халифа секілді ғимараттардың арқасында Дубай әлемге танылды.
Ал қазіргі таңда ел билігі маңызды мәдени және туристік орталыққа, бизнес пен инвестиция үшін лайықты орынға айналу үшін барын салуда.
Қайда тоқтаған дұрыс
Rixos The Palm Hotel & Suites қонақ үйі
Rixos The Palm қонақ үйі - аты аңызға айналған Palm Jumeirah аралында орналасқан. Қонақ үй all inclusive бағытында жұмыс істейді. Қонақ үйде келушілер бірнеше мейрамхана қызметін пайдалана алады – италиялық L'Olivo Ristorante мейрамханасы, Toro Loco стейк-хаус мейрамханасы, Aqua & More теңіз өнімдері мейрамханасы , сонымен қатар түркиялық тәтті мен жеңіл тағам ұсынатын A La Turca кафесі және бірнеше бар.
Қонақ үйде күн сайын ойын-сауық бағдарламалары өткізіледі. Қонақтар спорттық және фитнес-сауықтыру шараларына қатыса алады. Сондай-ақ СПА-процедураларымен айналыса алады.
Rixos The Palm Dubai қонақ үйінің жағажайы мен жылы теңізінен бөлек ересектерге арналған үш бассейні және балаларға арналған екі бассейні бар. Олар күн сайын сағат 19:00-ге дейін ашық. Сонымен қатар қонақ үйде тұрақтағандар бонус ретінде небәрі бірнеше минут қашықтықта орналасқан Aquaventure паркіне тегін қол жеткізе алады.
Қонақ үй баласы бар отбасылы қонақтар арасында ерекше сұранысқа ие люкс нөмірлер мен апартаменттерді ұсынады.
Al Seef Heritage Hotel Dubai, Curio Collection by Hilton қонақ үйі
Al Seef Heritage, Curio Collection by Hilton қонақ үйі Dubai Creek жағалауының әл-Сиф тарихи ауданында орналасқан. Қонақ үй бес жыл бұрын салынғанына қарамастан, оның сыртқы бейнесін арабтардың дәстүрлі көне дәуірінен айыру қиын. Мұнда туристер қаланың көне атмосферасын сезіну үшін тоқтайды.
Сонымен қатар қонақ үй жанында көше базары орналасқан. Сіз мұнда сауда жасап, кәдесыйлар мен жақын адамдарыңызға арнап сыйлық сатып ала аласыз.
Қайда баруға болады: Мұражайлар
Museum of the Future - Болашақ мұражайы
Museum of the Future мұражайы - 2022 жылдың ақпан айында ашылған Дубайдағы тағы бір ерекше ғимарат. Бір жыл ішінде мұражайды әлемнің 163 елінен миллионға жуық адам тамашалаған.
"Болашақ" мұражайының тұжырымдамасы ғылыми-техникалық прогреске қызығушылықтың артып келе жатқанын және оның қоғамға әсерін көрсетеді. Бұл мұражай адамдарға ғылыми және технологиялық инновациялардың, оның ішінде жасанды интеллекттің маңыздылығын және олардың біздің өміріміз бен адамзат болашағына тигізетін әсерін түсінуге және бағалауға көмектеседі.
Мұражайдың әр қабатында интерактивті көрме бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған – болашақта ғарышты игеру, экологиялық мәселелер мен климаттың өзгеруі, денсаулық сақтау саласындағы инновациялар мен рухани даму. Мұражайдың бірінші қабатында ойын алаңы бар.
Болашақ мұражайына баруды алдын ала жоспарлап, билеттерді кем дегенде екі апта бұрын броньдау керек.
Etihad мұражайы
Etihad мұражайының экспозициясы Біріккен Араб Әмірліктерінің тарихына арналған. Джумейра аймағындағы жаңа мұражай ғимараты көптеген қызықты тарихи фото және бейне материалын көрсететін интерактивті павильондардан тұрады.
Мұражай 1971 жылы БАӘ Конституциясына қол қойылған бұрынғы Одақ үйінің (одақтар үйі) орнында орналасқан және 25 000 шаршы метрден астам аумақты алып жатыр.
SMCCU - Шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум мәдени орталығы
Дубайға келген туристер 1998 жылы ашылған Шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум мәдени орталығына бару арқылы қаланың мәдениеті мен дәстүрі туралы көбірек біле алады.
Мұнда сізге БАӘ-нің ұлттық тағамдарынан дәм татып көру ұсынылады, содан кейін мәдени орталық қызметкері араб мәдениетінің дәстүрлері мен нюанстары туралы әңгімелейді.
Балалар үшін:
Балаларға арналған Kids Go Free бағдарламасы
Жазғы маусым басталғалы бері Visit Dubai балалармен саяхаттауға арналған арнайы Kids Go Free бағдарламасын ұсынып келеді. Бұл бағдарлама арқылы балалар Дубайға тегін саяхаттай алады.
Kids Go Free бағдарламасы балаларға Дубайдың ең беделді және әр түрлі қонақ үйлерінде демалыстан ләззат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар балалар кинотеатрларға, ойын-сауық саябақтарына, сондай-ақ турларға және қаланың көрікті жерлеріне, соның ішінде әсерлі бақылау палубаларына және Мадам Тюссо мұражайына тегін қол жеткізе алады.
Green Planet тропикалық жылыжайы
Green Planet жылыжайы — мегаполистің ортасында орналасқан нағыз тропикалық орман. Мұнда сіз экзотикалық флора мен фаунаның 3 мыңнан астам түрін көре аласыз.
Орманға кіре берісте жалқау жануары мен сары қанатты тотықұстарды кездестіруге болады. Сондай-ақ жыланға қол тигізуге немесе экзотикалық тарақанды қолыңызда ұстауға рұқсат етіледі.
Тропикалық жылыжай төрт деңгейден тұрады - "Тәж, "Ортаңғы", "Орман жолдары" және "Тропикалық жаңбырдан кейінгі орман". Сонымен қатар тропикалық жылыжай — Дубайдағы мектеп оқушылары баратын танымал орын.
Жылыжайдың әрбір деңгейінде тропикалық ормандардың планета өміріндегі маңызды рөлі туралы айтады. Сонымен қатар күн сайын сағат 12:00-де тропикалық жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
AYA иммерсивті саябағы
AYA - WAFI City Mall сауда орталығында орналасқан иммерсивті кешен. Әрқайсысының өзіндік бірегей тақырыбы мен интерактивті элементтері бар 12 аймақ шамамен 4000 шаршы метр аумақта орналасқан. Әр аймақтың өз атауы, ерекшеліктері және элементтері бар.
Мұнда сіз заманауи дыбыс, жарық және графикалық эффектілердің көмегімен қиял әлеміне еніп, таңғажайып саяхатқа аттана аласыз.
Кешеннің өзі арнайы сенсорлармен жабдықталған "Аврора" орталық алаңынан басталады. Саябаққа келушілер түрлі туннельдерден және су жолдарынан өтеді.
AYA жобасы екі жыл бұрын жаңа технологияларды енгізу және бірегей ойын-сауық кеңістігін құру мақсатында жүзеге асырылған.
Түскі және кешкі асты қайда ішкен дұрыс
CÉ LA VI мейрамханасы
CÉ LA VI – Address Sky View қонақ үй кешенінің 54-қабатында орналасқан танымал азиялық желінің мейрамханасы. Мейрамханада аты аңызға айналған Бурдж Халифа зәулім ғимаратының әдемі көрінісін тамашалай алатын бассейні бар террассалар орналасқан.
Асхананы "Мишлен" жұлдызына ие әлемдегі үздік мейрамханаларда шеберлігін 11 жыл бойы шыңдаған аспаз Говард Ко басқарады. Мәзірде азиялық және халықаралық тағамдардың бірнеше түрі бар. Соның ішінде чили стилінде пісірілген теңіз балығы мен қара трюфельді рисоттоға немесе етсіз тағамдарға тапсырыс бере аласыз. CÉ LA VI — қала бойынша қызықты экскурсиялық бағдарламадан кейін кешкі ас не ланч ішуге таптырмас орын.
Arabian Tea House мейрамханасы
Arabian Tea House мейрамханасы - Дубайдың әл-Фахиди тарихи ауданында орналасқан. Мейрамхана туристерге 150-ден астам шай мен басқа да сусындарды ұсынады. Сонымен қатар мейрамханада Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық тағамдарын жеуге болады.
Мейрамхана Дубайда туризмнің дамуына байланысты танымал болды. Бренд иелері төрт ауданда, тіпті Мысырда да жаңа филиалдар ашу арқылы өз қызметтерін кеңейтті.
Қандай көру алаңдарына баруға болады
The View at The Palm көру алаңы
Дубайдың жаңа көрікті жерлерінің бірі - The View at The Palm. Ол Palm Tower ғимаратының 52-қабатында, 240 метр биіктікте орналасқан.
Оның ашық террассалары мен премиум-лаунжы арқылы Пальм Джумейра мен Парсы шығанағын және де Дубайдың өзге де көрікті жерлерін тамашалауға болады.
Dubai Frame
Dubai Frame - фото рамка түрінде жасалған, қаланың өткені мен бүгінін біріктіретін әрі БАӘ символы болып табылатын тарихи маңызы бар ескерткіш.
Dubai Frame 2018 жылдың қаңтарында ашылды, биіктігі 150 метр. Ғимарат бір-бірінен 93 метр қашықтықта орналасқан әрі көлденең көпір арқылы қосылатын, биіктігі 25 метрді құрайтын екі тік бағанадан тұрады.
Егер 48-қабатқа көтерілсеңіз, 150 метр биіктіктегі осы көлденең көпірмен жүруге болады. Бұл ерекше ғимаратты көру үшін күніне бірнеше мың адам Дубай Frame-ге келеді.
Бурдж Халифа зәулім ғимараты
Аты аңызға айналған Бурдж Халифа зәулім ғимараты - әлемдегі ең биік ғимарат және Дубайдың басты символы. Биіктігі 828 метр болатын зәулім ғимарат әйгілі Dubai Mall маңында орналасқан.
2010 жылы ашылғаннан бері Дубайға осы архитектуралық туындыны көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Туристер үшін екі көру алаңы ашық: екі деңгейлі алаңқай At the Top 124 және 125-қабаттарда орналасқан және At The Top Sky 148-қабатта 555 метр биіктікте орналасқан.
Күн сайын келушілер әлемдегі ең биік ғимаратқа бару үшін ұзын-сонар кезекке тұрады. Сондай-ақ Дубайдың керемет көріністерін жоғарыдан көруге болады.
Тағы бір қызық жайт, Бурдж Халифа туралы ақпарат Google іздеу жүйесінен айына 2 миллион 240 000 рет сұралады.
Шөлге саяхат жасауды ұмытпа
Сафари шөлі Platinum Heritage-бен
Сафари шөлі - Дубайға келетін туристер арасында ең сұранысқа ие экскурсияның бірі. Ширек ғасыр бұрын бедуиндердің шөл далада қалай өмір сүргенін білгіңіз келсе, Platinum Heritage-бен Cафариге бару көңіліңізді қалдырмайтыны сөзсіз.
Қызыққа толы күн Land Rover көлігімен құмды төбелерде серуендеуден басталады. Оның барысында тау қарақұйрықтарын немесе араб ориксін көресіз. Сонымен қатар араб мәдениетінің символы болып табылатын сұңқардың әсерлі шоуын тамашаласаңыз болады. Әрине, түйеге мінуді де ұмытпау керек.
Ал күн батқанда қонақтар бедуиндер лагерінде жер пеште пісірілген қозы етінің дәмін татады. Сондай-ақ жергілікті марокко шайын, тіпті түйе етін де жеуге болады.
Кеш барысында қонақтар үшін арабтың ұлттық әндері мен билері орындалады және бедуиндердің жұлдыздар арқылы шөл далада қалай жол тапқаны жайлы айтылады.
Сондай-ақ:
Co Chocolat шоколад фабрикасы
Co Chocolat шоколад фабрикасы — Дубайдағы тәтті шоколадтар шығарылатын ең тартымды орындардың бірі. Туристер шоколад фабрикасын аралап, үлкен шыны терезелер арқылы кондитерлердің жұмысын тамашалай алады. Сонымен қатар зауыт қызметкерлері келушілерге компанияның тарихы туралы айтып береді.
Сондай-ақ шоколад фабрикасына барған әрбір турист өз бетінше шоколад пішінін жасап, оған түрлі тәтті дәмдеуіштерді қоса алады. Ал кейінірек дайын шоколадты жылтыр қағазға орап, естелік ретінде өзімен бірге ала алады.
Co Chocolat шоколад фабрикасында сіз қолдан жасалған шоколад мүсіншелерін, үлкен сыйлық жинақтарын және басқа да тәтті кәдесыйларды сатып ала аласыз.
Dubai Mall сауда үйі
Dubai Mall - әйгілі Бурдж Халифаға жақын орналасқан әлемдегі ең үлкен сауда орталығы. Мұнда 1200-ге жуық дүкендер мен жүздеген мейрамханалар, оның ішінде 70 халықаралық люкс брендтерінің дүкендері бар. Dubai Mall сауда орталығын аралап көру үшін бірнеше күн қажет.
Айта кетейік, Dubai Mall сауда орталығының жалпы ауданы 1 миллион шаршы метрден асады және 200 футбол алаңының ауданына тең.
Dubai Aquarium & Underwater Zoo аквариумы
Dubai Aquarium & Underwater Zoo — 140-тан астам теңіз жануары тіршілік ететін әлемдегі ең үлкен аспалы аквариумдардың бірі. Ол Dubai Mall сауда орталығының екінші қабатында орналасқан.
Аквариумге 270 градустық көрінісі бар туннель төселген. Бұл келушілерге акулалардың, скаттардың және сегізаяқтардың дәл төбесінде жүзгенін тамашалауға ыңғайлы. Су асты хайуанаттар бағында сіз қолтырауындарды, алып өрмекші крабтарды және тропикалық орманның тіршілік иелерін кездестіресіз.
Ең батыл келушілер жолбарыс акулаларымен, скаттармен және басқа да ерекше балықтармен жүзе алады.
Дубай әлемдік туризм индустриясының көшбасшысы мәртебесіне лайықты. Қала қарқынды дамуын жалғастыруда және барлығына ойын-сауықтың кең ауқымын ұсынады.
Жыл мезгіліне қарамастан, әмірлік қонақтары қаланың аутентикасымен таныса алады және оның тарихы мен мәдениетін тереңінен танып, қызықты мұражайларды аралай алады. Сонымен қатар ең жақсы дүкендерге бару немесе теңіз жағасында уақыт өткізу де жыл бойы қолжетімді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2024370-alemdegi-en-biik-gimarat-pen-qala-isindegi-tropika-dubaiga-sayaxat-kezinde-qaida-baruga-bolady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.