Ресей Моңғолияға АЭС салып бермек
Жарияланған күні:
Ресейдің Моңғолияға АЭС салуы туралы жобаның келіссөздері жүріп жатыр. Станция Жаңа Қарақорым аймағында салынбақ, деп хабарлайды РИА Новости.
Моңғолияға арналған шағын АЭС жобасының техникалық жағы іс жүзінде бекітілген. Бұл туралы "Росатом" компаниясының басшысы Алексей Лихачев мәлімдеді. Ұлан-Батырда өткен кездесулердің нәтижесінде станцияны ресейлік ұйым салуға мүмкіндік бары жарияланды.
"Көктемде Сочиде өткен "Атомэкспо" форумында Моңғолияда шағын атом электр станциясын құрудың жоспарына қол қойылды. 220-дан 330 мегаватқа дейін қуат беретін АЭС жаңа астана – Жаңа Қарақорым өңіріне қажет", - деді Лихачев.
"Росатом" бас директорының сөзінше, жақында "Монатом", энергетика министрлігі және Моңғолияның қауіпсіздік кеңесімен келіссөз жүргізілген.
Ол қазіргі басты мәселе кадрлар екенін атап өтті.
"Біз бұл мәселелерді жан-жақты талқыладық. Моңғол достарымыз алғашында бұл станцияны ресейлік ұйымның басқару мүмкіндігін қарастырып жатыр", - деп түсіндірді Лихачев.
Қазір Қазақстанда да АЭС салу мәселесі талқыланып жатыр.
Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында АЭС бойынша референдум 6 қазанда өтетінін мәлімдеді.
"Алдағы референдум жалпыұлттық диалогтың тағы бір көрінісі және "еститін мемлекет" тұжырымын жүзеге асырудың жарқын үлгісі болмақ. Шын мәнінде, біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениет қалыптастырып, мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдаудың жаңа стандарттарын бекітеміз", - деді президент.
Сондай-ақ, Тоқаев АЭС салу бойынша 6 қазанда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.
3 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының отырысында референдум күнтізбесін жариялады. Науқанды өткізуге 15,5 миллиард теңге кетпек.
Өткен аптада "Қазақстандық атом электр станциялары" бас директоры Тимур Жантикин Қазақстандағы АЭС үшін технологияларды ұсына алатын компанияларды атады. Олардың ішінде ресейлік "Росатом" компаниясы да бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2156724-resei-monggoliiaga-aes-salyp-bermek/