Мәскеудегі Wildberries кеңсесіне шабуыл: Владислав Бакальчук босатылды, іс бойынша 30 адам қамауға алынды
Жарияланған күні:
Widberries негізін қалаушының күйеуі және компанияның тең иесі Владислав Бакальчук әлеуметтік желіде үйде екенін хабарлады. Іс бойынша 30 адам қамауға алынғаны белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
21 қыркүйекте Владислав Бакальчуктың Telegram-дағы арнасында видео хабарлама пайда болды. "Достар, мен үйдемін, менде бәрі жақсы, отбасым үшін күресуді жалғастырамын. Шындық пен заң біздің жақта", - деді ол.
Кейін Бакальчук қазіргі жағдайға көзқарасы туралы жазба жариялады. "Мен жағдайды бейбіт жолмен шешуге және Татьянамен өз компаниямның кеңсесінде кездесуге тырысуым олардың арандатуы салдарынан қайғылы оқиғаға айналғанына қатты өкінемін", - деп жазады Бакальчук.
"Риа-Новости" басылымының 20 қыркүйектегі ақпаратына сәйкес, Мәскеу соты Wildberries кеңсесі маңындағы атыс бойынша 30 айыпталушыны қамауға алды. Бұл ретте олардың алтауы "Апаттар медицинасы" ғылыми-зерттеу институтының жедел жәрдем бөліміне кірмек болғаны үшін қамауға алынды.
Айта кетейік, бірер күн бұрын Мәскеудің орталығындағы "Романов двор" бизнес орталығында орналасқан Wildberries кеңсесінің кіреберісінде атыс болған еді.
Маркетплейс директоры Татьяна Бакальчук мұны "рейдерлік шабуыл" деп атады. Татьяна Бакальчуктің жұбайы және компанияның 1 пайыздық акция иесі Владислав Бакальчук кеңсеге келіссөздер жүргізу үшін келгенін мәлімдеді.
Кейін жарақат алғандар туралы ақпарат шықты. Кейбір дереккөздер үш адам зардап шекті десе, басқалары жетеу, оның үшеуі полиция қызметкері дейді. Сонымен қатар, ұсталғандар туралы ақпарат пайда болды.
БАҚ атыстан бір адам мерт болып, екеуі жараланғанын хабарлады. Кейін жараланған екінші адам да қайтыс болғаны туралы ақпарат шықты.
Осыдан кейін Wildberries-тің негізін қалаушы Татьяна Бакальчук кеңсе алдындағы атысқа байланысты күйеуі Владиславқа үндеу жасады.
"Қаруланған адамдар біздің кеңсеге басып кіріп, атыс ұйымдастырды, тәртіпсіздік жасады. Жас жігіттер көз жұмды. Владислав, сен не істеп жүрсің? Ата-анаң мен балаларымыздың көзіне қалай қарайсың? Бұл жағдайды мұндай абсурдқа қалай жеткіздің?", - деді Татьяна Бакальчук көз жасына ерік беріп.
Кейінірек Ресейдің Тергеу комитетіне жақын дереккөздер Владислав Бакальчук қамауға алынғанын хабарлады. Дереккөздің сөзінше, Wildberries негізін қалаушының күйеуіне кісі өлтірді деген айып тағылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2164219-maskeudegi-wildberries-kengsesine-shabuyl-vladislav-bakalchuk-bosatyldy-is-boiynsha-30-adam-qamauga-alyndy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.