Жапонияда өлім жазасына кесілген ер адам 56 жылдан кейін ақталып шықты
Жарияланған күні:
88 жастағы жапониялық Ивао Хакамада өлім жазасына кесіліп, 56 жыл бойы түрмеде отырған. Сот оны ақтап, оған қарсы ұсынылған айғақтардың қолдан жасалғанын анықтады. Хакамада – өлім жазасының орындалуын күтіп, түрмеде ең ұзақ отырған адам.
Ивао Хакамада 1968 жылы өз басшысының, оның жұбайы және екі жасөспірім баласын өлтірді деген айыппен өлім жазасына кесілді. Оның ісі 2014 жылы қайта қарала бастады. Себебі қорғаушылар тергеушілердің жарты ғасыр бұрын айғақтарды қолдан жасағанына күдіктенген.
50 жыл бұрынғы қылмыстық істің қайта қаралуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бейсенбі күні Сидзуока сотының алдында 500-ге жуық адам сот отырысына қатысуға кезекке тұрды. Сот үкімді жойғаннан кейін, көшеде күтіп тұрған Хакамада жақтастары "Банзай" деп айғайлады.
Ивао Хакамада сот тыңдауларына қатысқан жоқ. Психикалық денсаулығының нашарлауына байланысты оны барлық сот рәсімдерінен босатты. Адвокаттары мен туыстарының сөзінше, ондаған жылдар бойы қамауда болып, өлім жазасын күту оның психикасына ауыр зардап тигізген. 2014 жылы ол түрмеден босатылып, әпкесі Хидеконың үйінде істің қайта қаралуын күтуіне рұқсат етілді.
Қазір әпкесі 91 жаста. Былтыр сот процесі қайта басталғанда, әпкесі бауырының әділдікке лайық екенін айтты.
Хакамада бұрын кәсіпқой боксшы болған. 1966 жылы ол Сидзуока қаласында дәмдеуіш шығаратын зауытта жұмыс істеген. Сол уақытта оның жұмыс берушісінің үйінде өрт шығып, үйден төрт адамның мәйіті табылды. Сот-медициналық сараптама олардың барлығы алдымен пышақталғанын анықтады.
Полиция Хакамадаға отбасын өлтірді, олардың үйін өртеді және 200 мың иен ақша ұрлады деген айып тақты. Бастапқыда ол өз кінәсін мойындамады. Бірақ кейін ол кінәсін мойындап, оны ұрып-соғу мен күніне 12 сағаттық сұрақ-жауаптардан шаршағандықтан мәжбүр болғанын айтты. 1968 жылы ол кісі өлтіру мен өрт қою айыбы бойынша кінәлі деп танылып, өлім жазасына кесілді.
Тергеу оған қарсы басты айғақ ретінде өрттен кейін дәмдеуіш зауытынан табылған қанға боялған киімді көрсетті. Тергеушілер бұл киім Хакамадаға тиесілі деп сендірді. Алайда қорғаушылар жылдар бойы киімнен алынған ДНҚ Хакамадаға сәйкес келмейтінін және бұл киімді басқа біреу кигенін дәлелдеген. Сонымен қатар қорғаушылар айғақтардың қолдан жасалғанын көрсететін басқа да дәлелдерге назар аударды.
Бірақ дәлелдер тек 2014 жылы ғана әсерін тигізді. Бас судья Хироаки Мураяма зауыттағы киімнің Хакамадаға қатысы барына күмән келтірді. "Айыпталушыны әрі қарай ұстау әділетсіз, өйткені оның кінәсіз болуының ықтималдығы жеткілікті дәрежеде анық", - деп мәлімдеді Мураяма сол кезде. Кейін Хакамада түрмеден босатылып, іс қайта қарала бастады.
Бейсенбіде сот өз шешімін жариялады. Хакамада кінәсіз деп танылғанын жариялай отырып, судья Жапонияның бүкіл сот жүйесінің абыройына нұқсан келтіріп, іс бойынша 60 жылға жуық уақыт өткеннен кейін айғақтардың шынымен де прокуратура тарапынан қолдан жасалғанын мойындауға мәжбүр болғанын айтты.
Өлім жазасына кесілген сотталушыларға қатысты қайта сот процестері Жапонияда сирек кездеседі. Хакамада ісі – соғыстан кейін Жапония тарихындағы тек бесінші жағдай.
АҚШ пен Жапония – өлім жазасын әлі де қолданатын "Үлкен жетілік" елдердің бірі. АҚШ-тан айырмашылығы, Жапонияда өлім жазасы негізінен дарға асу арқылы орындалады. Сотталғандарға үкімді орындау туралы бірнеше сағат бұрын ғана хабарланады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2166399-zhaponiiada-olim-zhazasyna-kesilgen-er-adam-56-zhyldan-keiin-aqtalyp-shyqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.