Пәкістанда бейбіт тұрғындарға шабуыл жасалып, кемі 42 адам қаза тапты
Жарияланған күні:
Бейсенбі күні Пәкістанның солтүстік-батыс өңірінде бір топ қарулы адам шииттер мінген автокөліктерді атқылады. Шабуылдан кем дегенде 42 адам қаза тауып, жиырма шақты адам жараланды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, жергілікті полиция бұны "кейінгі жылдары осы өңірде болған ең ірі қанды оқиға" деп атады.
Шабуыл Хайбер-Пахтунхва провинциясының Куррам ауданында болған. Осы өңірде кейінгі бірнеше айда сүнниттер мен шииттер арасындағы қақтығыстардан ондаған адам қаза тапқан. Куррам ауданында шиитер аз тұрады.
Әзірге бейсенбідегі шабуыл жауапкершілігін ешкім мойнына алған жоқ. Қанды оқиға биліктің өңірдегі маңызды автожолды қайта ашқанына бір апта өткеннен кейін болып отыр.
Жергілікті полиция шенеунігі Азмат Әлидің айтуынша, бірнеше автокөлік Парачинар қаласынан Пешаварға бара жатқан уақытта содырлар шабуылы басталған. Полиция өкілі ауруханаға түскен кем дегенде 10 жолаушының жағдайы ауыр екенін айтты.
Пәкістанның ішкі істер министрі Мохчин Накви атысты "террорлық шабуыл" деп атады. Премьер-министр Шехбаз Шарив, президент Асиф Әли Зардари шабуылды айыптады. Шаривтің мәлімдеуінше, бейбіт тұрғындарға қастандық жасағандар жазасыз қалмайды.
Куррам ауданының 35 жастағы тұрғыны Мир Хуссейннің айтуынша, қарулы төрт адам автокөліктен түсіп, автобустар мен басқа да көліктерді атқылаған.
"Атыс шамамен 40 минутқа созылды. Мен әйелдердің, көмек сұраған адамдардың жанайқайын естідім", - дейді оқиға куәгері.
Атыста қаза тапқандардың бірінің туысы Ибне Әли Бангаш қанды шабуылды "Куррам тарихындағы ең қаралы күн" деп атады.
"Біздің қауымның 40 шақты адам шейіт болды", - дейді ол.
Жергілікті шиитердің көсемі Бәкір Хайдери шабуылды айыптап, атыс құрбандарының саны көп болуы мүмкін екенін айтты. Ол 100-ден аса автокөлік көшін қорғай алмаған жергілікті билікті сынады.
Парачинардағы дүкендердің қожайындары жұма күні наразылық акциясын жариялады.
240 миллион халқы бар Пәкістан тұрғындарының шамамен 15 пайызы ғана – мұсылман шиит. Елде сүнниттер көп.
Шииттер мен сүнниттер негізінен бейбіт тұрады, бірақ кейбір ауданда, әсіресе шиитер көбірек қоныстанған Куррам ауданында қақтығыс ондаған жылдар бойы жалғасып келеді.
Пәкістан билігі елдің солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс өңірлеріндегі жанжалды реттеуде тырысып жатыр. Мұнда содырлар мен жікшілдер бейбіт тұрғындарға ғана емес, полиция мен әскерге де шабуылдайды.
Солтүстік-батыстағы зорлық-зомбылыққа пәкістандық тәліптерді жиі айыптайды. Олар ауған тәліптерінен бөлінген, бірақ солармен байланыс ұстап отыр. Оңтүстік-батыстағы Белуджистан провинциясындағы шабуылдарға көбіне елде тыйым салынған Белуджистан азат ету армиясының мүшелерін айыптайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2190999-pakistanda-beibit-turgyndarga-shabuyl-zhasalyp-kemi-42-adam-qaza-tapty/