Оңтүстік Кореяда әскерден жалтару үшін әдейі семірген тұрғын сотталды
Жарияланған күні:
Оңтүстік Корея азаматы міндетті әскери қызметтен жалтару мақсатында әдейі салмақ қосқаны үшін сотталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, әскерден жалтару үшін салмақ қосқан жігіттің ісін Сеул соты қараған. Сот материалдарына қарағанда, қала тұрғыны былтыр маусымда салмағы 102 кг болуына байланысты әскерден босатылған. Алты жыл бұрын алғашқы медициналық тексеру кезінде оны әскерге жарамды деп таныған.
"Айыпталушы калориясы жоғары тамақты екі есе көп жеген, ауыр жұмыс істеуден бас тартқан. Салмақ өлшеу кезінде суды да әдейі көп ішкен", - деп жазылған сот үкімінде. Онда сотталушының аты-жөні мен жасы айтылмады.
Сеул соты оған бір жыл түрме жазасын белгіледі, бірақ жаза өтеу мерзімі екі жылға кейінге шегерілді. Себебі сотталушы әскери міндетін атқаруға уәде берген.
Бұған қоса сот оның әскерден құтылудың осындай жолын үйреткен досын алты айға соттады.
Корей соғысынан кейін Оңтүстік Кореяда еңбекке жарамды ер азаматтардың бәрі 28 жасқа толғанға дейін кем деген 18 ай әскерде болуға тиіс.
Осы елде міндетті әскери қызмет әлі күнге дейін кең талқыланатын тақырып болып отыр. Спорт және өнер жұлдыздарына әскери міндетін өтеу үшін мансабын уақытша үзуге тура келеді. Мәселен, әлемге әйгілі BNS тобының жігіттері 2022 жылы әскери қызметтен өту үшін шығармашылығын уақытша тоқтатқан.
2018 жылы Оңтүстік Кореяда жүргізілген сауалнамада азаматтардың 83 пайызы әскери қызметтен жалтарған дұрыс деп есептейтінін, ал 68 пайызы армияны уақытты босқа өткізу деп санайтынын айтқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2192612-ongtustik-koreiada-askerden-zhaltaru-ushin-adeii-semirgen-zhas-zhigit-sottaldy/