Эквадорда әскери ұшақ қала орталығындағы көшеге құлады
Жарияланған күні:
Эквадордың оңтүстік-шығысында орналасқан Ла-Либертад қаласы орталығындағы көшеге бір әскери ұшақ құлап түсті. Апаттан екі адам қаза тапты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Daily Mail басылымына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Эквадордың әскери-әуе күштері қаза тапқан адамдардың кім екенін анықтады. Олар: капитан Диана Руис және сарбаз Хуан Пачеко.
Мәліметтерге қарағанда, Руис өз елінде дыбыс жылдамдығымен ұшатын ұшақты басқарған алғашқы әйел атанған.
Екі адамға арналған шағын Diamond DA20-C1 ұшағы жаттығу үшін әуе көтерілген. Ол күтпеген жерден қаланың адам көп жүретін көшелерінің біріне құлап түскен.
Апат кезінде түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде таралды. Видеолардан ұшақтың бір автокөлікке соғысқанын, соның артынан келе жатқан тағы бір мотоциклды қағып кете жаздағанын көруге болады. Жүргізушілер зардап шеккен.
Куәгерлердің бірінің айтуынша, әуеде қалқыған ұшақ қонатын жер іздеп, көшеге құлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2193653-ekvadorda-askeri-ushaq-qala-ortalygyndagy-koshege-qulady/