Украин дрондарының соққысынан кейін Ресейдің оңтүстігіндегі ірі мұнай өңдеу зауыты өртке оранды (видео)
Жарияланған күні:
Бейсенбіге қараған түні Ресейдің Ростов облысы аумағын бірнеше украин дроны шабуылдап, солардың бірі Новошахтинск қаласындағы ірі мұнай өңдеу зауытына түсті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ BBC Орыс қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарь дрондар шабуылы мен Новошахтинскідегі мұнай өңдеу зауытындағы өртті растады.
"Дрондар шабуылы салдарынан Новошахтинск мұнай өңдеу зауыты өртенді. Құтқарушылар оқиға орнына жетті. Өрт зардаптары туралы мәлімет анықталып жатыр", - деп жазды Слюсарь Telegram-дағы арнасына.
Ростов жаңалықтарын таратушы Telegram-арналар жергілікті тұрғындардың Новошахтинск мұнай өңдеу зауыты ауданында бірнеше ондаған жарылыс болғанын айтқанын таратты. Олар Ресей зенитті зымырандары мен нысанаға дөп тиген дрондардың жарылысы болуы мүмкін.
Сәрсенбі күні күндіз украин армиясы Новошахтинскіге көршілес Каменск-Шахтинск қаласын зымыранмен атқылаған. Слюсарь Ресей әуе қорғанысы жүйесі он зымыранды атып түсірді деп мәлімдеген.
Украин дереккөздері шабуыл нысаны химиялық комбинат екенін хабарлаған.
Новошахтинск мұнай өңдеу зауыты – Ростов облысында мұнай өңдейтін жалғыз кәсіпорын. Украин дрондары бұған дейін зауытты кем дегенде үш мәрте: биыл наурызда, маусымда және қыркүйекте атқылаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2202092-reseiding-ongtustigindegi-iri-munai-ongdeu-zauyty-ukrain-drondarynyng-soqqysynan-keiin-ortke-orandy-video/