Әлемдегі ең ықпалды саясаткердің қызы Иванка Трамп саясатқа қайта орала ма
Жарияланған күні:

Дональд Трамп ірі магнатқа айналған уақытта, кішкентай Иванка оның келесі бір қонақ үйін ашумен айналысқан. Әкесі реалити-шоуда жүргенде, қызы оның сценарийін жазуға көмектескен. Дональд президент сайлауына түскен уақытта, Иванка саяси науқанға белсене араласқан. Төрт жыл бұрын 23 жастағы қыз Вашингтоннан кетті. Енді Иванка Трамп әкесімен бірге саясатқа қайта орала ма? Осы сұраққа KAZ.NUR.KZ CNN мәліметтері негізінде жауап береді.
Дональд Трамп АҚШ президенті болып тұрған уақытта, оның қызы Иванканың Ақ үйдің батыс қанатында өз кеңсесі болған. Бірақ 2021 жылғы қаңтарда президент қызы жұмыстан да, Вашингтоннан да кетті.
Иванка Трамп саясаттан шаршағанын, енді қайта оралмайтынын мәлімдеді.
"Мен әкемді жақсы көремін. Енді мен кішкентай балаларыма, жеке өміріме көңіл бөлемін. Саясатпен шұғылдану жоспарда жоқ", - деп жазды Иванка 2022 жылы. Дәл осы уақытта әкесі Дональд үшінші мәрте президент сайлауына түсетінін жариялаған.
Сөзінде тұрды. Әкесі 2024 жылғы сайлауда жеңіске жеткеннен кейін де саясатқа жақындамады. Иванка мен оның күйеуі Джаред Кушнер төрт жылдан бері Майамиде, көпшіліктен тасада тыныш өмір сүріп жатыр.
Саясатта жүрген уақытта Иванка үнемі жұрт назарында болды, бірақ әкесінің шешімдері үшін оған да көп сын айтылды. Кейбір либерал достары президент қызынан теріс айналған. Иванка өз атынан ашқан киім брендін жабуға мәжбүр болды.
Саясаттан кетуі оның енді әкесіне жұмыс істемейтінін, Иванка өз жолын табуға талпынатынын білдіреді.
"Саясат – қараңғы әлемге көбірек ұқсайды. Жағымсыз жайттар көп. Маған ұнамайды", - дейді Вашингтонда өткізген уақытын еске алған Иванка.

Соған қарамастан, Иванка әкесімен жиі араласып тұрады. CNN мәліметінше, қызы әкесіне түрлі мәселелерге қатысты бейресми кеңес беретін сыңайлы.
"Ол әлі күнге дейін әкесінің сүйікті қызы, сенімді даусы. Бейресми кеңесшісі десе де болады", - дейді президент қызының құрбысы әрі Вашингтондағы бұрынғы әріптесі Мэгги Кордиш.
Джаред Кушнер де қайын атасының Ақ үйдегі әкімшілігі құрамына кіруден бас тартқан, бірақ ол Трамптың Таяу Шығыс мәселелері бойынша маңызды рөл атқаратын сырттай кеңесші болып қала бермек. Себебі оның осы өңірде әжептәуір қаржылай мүддесі бар. Дональд Трамп құдасы Чарльз Кушнерді АҚШ-тың Франциядағы елшісі қызметіне тағайындаған.
Телеарна мәліметінше, әкесі ел басқарып тұрған уақытта Иванка Трамп өз ықпалын коммерцияға жатпайтын салаларда қолданып көреді. Мәселен, азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау, табиғи апат салдарын жою. Иванканы жақсы білетін дереккөз осылай дейді.
Расымен де, кейінгі уақытта Иванка Трамп волонтер ісіне көп көңіл бөліп жүр.
"Мен оның ұмтылысының таза екеніне күмәнданбаймын. Бір ғана кеңесім бар – осындай жұмыспен айналысқан уақытта тырнағындағы лакты аздап кетіре салса екен", - дейді CNN-нің репутация мәселері жөніндегі бір сарапшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2203670-alemdegi-eng-yqpaldy-saiasatkerding-qyzy-ivanka-tramp-saiasatqa-qaita-orala-ma/