Top.Mail.Ru

Зектілері

"Өз өміріңізді құрбан еттіңіз": Ақтауда апаттан қаза тапқан ұшқыштың қызы әкесіне әсерлі жазба арнады

Жарияланған күні:

Читать на русском
Игорь Кшнякин, Дарья Княшкина
Игорь Кшнякин, Дарья Княшкина. Фото: media.az

Ақтау әуежайы маңында Embraer ұшағы апатқа ұшырағанда қаза болған ұшқыш Игорь Кшнякиннің қызы желіде әкесіне әсерлі жазба арнады. Бұл жөнінде жергілікті басылымға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Дарья Кшнякинаның TikTok-тағы жеке парақшасында жариялаған жазбасын жергілікті Media.az басылымы таратты.

"Әке, сіз менің батырымсыз. Сіз өз өміріңізді құрбан етіп, ондаған адамның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадыңыз. Сіз өте мықты адамсыз, мен сізді мақтан етемін.

Сіз өте ашық-жарқын едіңіз, біз үшін бәрін жасадыңыз, біздің бақытты болуымызды қаладыңыз. Ең жақсы әке!" - деп жазды ұшқыштың қызы.

Ақтау маңындағы Embraer ұшағы апаты

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыртуы түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.

Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.

Көп ұзамай Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.

Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты..

АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.

Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, апат болған жерге барды. Үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады, сол ауданда жергілікті төтенше жағдай жарияланды.

Azerbaijan Airlines әуе апатының себептерін тергеу аяқталғанша Бакуден Грозный мен Махачкалаға ұшуды уақытша тоқтатты.

Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.

Қайғалы апатқа байланысты брифинг барысында көлік министрі ұшақ экипажының бес мүшесінен үшеуі аман қалғанын хабарлады. Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан экипаждың үшеу емес, екі мүшесі ғана тірі қалғанын мәлімдеді.

Әзербайжан астанасында мемлекеттік алаңдағы және басқа да ресми мекемелердегі ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланды.

26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2206295-oz-omiringizdi-qurban-ettingiz-aqtauda-apattan-qaza-tapqan-ushqyshtyng-qyzy-akesine-aserli-zhazba-arnady/