Оңтүстік Кореядағы әуе апаты: "Бойнг" шассиі неге шықпай қалған
Жарияланған күні:
Муанг әуежайындағы Jeju Air компаниясының Boeing 737-800 апаты 29 желтоқсанда таңертең болды, бірақ бір күн өтсе де, апаттың алдын ала нұсқасын ешкім атаған жоқ. Сарапшылар ұшақтың қандай себеппен шасси мен қақпақтарды шығармастан жолаққа қонғанын болжап көрді.
Бангкоктан 7C2216 рейсімен ұшқан ұшақтың құстармен соқтығысқаны хабарланып, шассиін шығармастан қону алаңына қонды.
Сонымен қатар ұшақтың қону кезінде қосымша көтеру күшін қамтамасыз ететін, жылдамдық азайған кезде ұшақты әуеде ұстауға көмектесетін қанаттардың артқы жағындағы арнайы қалқандары да шығарылмаған. Бұл қалқандар әдетте қону кезінде қолданылады.
"Қарынмен" қонған ұшақ тежей алмай, әуежайдың бетон дуал қоршауына соғылып, қирап, отқа оранды. Оқиға салдарынан 179 адам қаза тауып, екі адам аман қалды.
Қазіргі уақытта апат болған жерде ұшақтың қалдықтарын жинау жұмыстары жүріп жатыр. Олар арнайы ангарға жеткізіліп, табылған бөліктері ұшақтың пішінін қалыптастыру үшін орналастырылып жатыр. Бұл зақымдарды визуалдық зерттеу үшін жасалады.
Оқиғаның толық мән-жайы борттық өздігінен жазылатын құрылғылардың деректері шешілгеннен кейін белгілі болуы мүмкін.
30 желтоқсан күні Jeju Air әуе компаниясының тағы бір Boeing 737-800 ұшағы шассидегі ақауларға байланысты әуежайға қайтты. Әуе компаниясы бұл ақаудың нақты сипатын ашып көрсеткен жоқ. Ақау Чеджу қаласынан ұшып шыққаннан кейін анықталған. Ұшақ сәтті қонды.
Оңтүстік Корея елде пайдаланылатын Boeing 737-800 ұшақтарының барлығына "кешенді тексеру" жүргізуді бастады.
Азаматтық авиация вице-министрі Чу Чжон Ванның айтуынша, тексеріс Оңтүстік Корея әуе компанияларының 101 ұшағын қамтиды. Тексеру 3 қаңтарға дейін жалғасады.
АҚШ Оңтүстік Кореяның авиация басқармасына тергеу жұмыстарында көмек көрсететінін растады. Алайда бұл биліктің ұшақтың техникалық жағдайы немесе құрылымына қатысты нақты шағымдары бар дегенді білдірмейді.
Апаттың хронологиясы:
- 08:54 Диспетчер 7C2216 рейсіне Муандағы әуежайдың 01 жолағына қонуға рұқсат береді. Бұл әуежайдағы жалғыз ұшу-қону жолағы.
- 08:57 Экипажға әуежай маңында құстардың бар екендігі туралы ескертіледі.
- 08:59 Пилот құспен соқтығысқанын хабарлап, дабыл сигналын жібереді.
- 09:01 Диспетчер "Боингке" 19 жолағына қонуға рұқсат береді – бұл 01 жолағының қарама-қарсы бағыттағы бөлігі.
- 09:02 Ұшақ шассилері мен қақпақтары шығарылмаған күйінде ұшу-қону жолағының шамамен үштен бір бөлігіне қонады. Диспетчер әуежайдың өрт-құтқару қызметіне дабыл жібереді.
- 09:03 Лайнер ұшу-қону жолағынан шығып, топырақ үйіндісі бар бетон дуалға соғылады.
Құстар және шасси
Пилоттың құстармен соқтығысқанын хабарлап, шассиді шығармай қонуы бұл екі оқиғаның байланысты екенін және соққы гидравликалық жүйенің шассиге жауапты бөлігін зақымдаған болуы мүмкін деген болжам жасауға негіз болды.
Алайда Boeing 737 ұшағында шассидің үш тірегі гидравликамен жартылай, ал өз салмағымен толық ашылады. Бұл модельдің ерекшелігі – негізгі тіректер қақпақтармен жабылмайды, сондықтан олардың ашылуына ештеңе кедергі бола алмайды.
Егер шассиді стандартты режимде шығару мүмкін болмаса, екінші пилот орындығының артында шассиді апат режимінде шығаруға арналған үш қызыл тұтқасы бар люк орналасқан. Олар шассиді жабық күйде ұстап тұрған құлыптармен қосылған. Тұтқаларды тартқан кезде, шасси өз салмағымен түсіп, ашық күйде бекітіледі.
Алайда шасси әрдайым дұрыс жұмыс істей бермейді, кейде тіректердің барлығы емес, тек біреуі шықпай қалып жатады. Бірақ Boeing 737 ұшақтарында үш тіректің барлығы бірден техникалық ақаулардан шықпай қалған жағдай тіркелмеген.
Экипаждың ұмытшақтығы ма?
Boeing 737 ұшақтарында ең жиі кездесетін шасси мәселесі – қатты қону кезінде тіректің зақымдалуы. Сондай-ақ кейде экипаж шассиді шығаруды ұмытып кетіп немесе кешігіп, ол толық ашылып үлгермеген жағдайлар да болған.
Мысалы, осындай жағдай 2003 жылғы 13 желтоқсанда Лимада болған. Перулік Aero Continente әуе компаниясының Boeing 737-200 ұшағының экипажы кенеттен туындаған жапқыш мәселесін шешуге тым қатты назар аударғандықтан, шасси шығаруды ұмытып кеткен.
Бұл нұсқаны белгілі ресейлік ұшқыш Андрей Литвинов да қолдайды. Оның айтуынша, егер экипаж "ішпен" қонуды жоспарлағанын хабарласа, әуежайда өрт сөндіру көліктері ұшу-қону жолағына шығады. Литвинов ұшақтың жапқышсыз қонғанына қатысты пікір білдірген жоқ.
Электрмен жабдықтаудың бұзылуы ма?
"Бұл мен көрген ең жұмбақ апаттардың бірі. Мүлдем түсініксіз", – деді BBC-ге авиациялық сарапшы Джеффри Томас.
Оның айтуынша, құстармен соқтығысудың салдары болуы мүмкін, бірақ пилот дабыл сигналын бергеннен кейін, ұшақтың транспондері – рейс параметрлерін нақты уақыт режимінде беріп отыратын құрал – өшіп қалған.
Томас бұл жағдайды "қандай да бір электр ақауының" белгісі деп есептейді. Дабыл сигналын жоғалтқаннан кейін ұшаққа әдеттегіден қарама-қарсы бағытта қонуға рұқсат берілген.
Алайда лайнер шассисіз және жапқышсыз қонған, әрі ол ұшу-қону жолағының жартысынан астамын ұшып өткеннен кейін ғана жерге тиген.
Томастың айтуынша, заманауи авиалайнерлерде электр немесе гидравликалық жүйе істен шыққан жағдайда жұмыс істейтін резервтік жүйелер бар. Бірақ бұл жағдайда қолданылмаған сияқты.
"Бұл барлығына қайшы келеді. Бәлкім, дауыс жазу құрылғысының деректерін күтуге тура келедтін шығар, содан кейін ғана болған жағдайды түсінуге мүмкіндік туады", – деді ол.
Уақыттың жетіспеушілігі ме?
40 жылдан астам тәжірибесі бар, дәл осы ұшақ түрімен ұшқан пилот Крис Кингсвуд BBC-ге берген сұхбатында, оның ойынша, шассисіз және закрылкасыз қону "бәрі өте жылдам болғанын" білдіреді деді.
"Әдетте, мұндай жағдай екі қозғалтқыштың да істен шығуы кезінде болады. Ұшақ бір қозғалтқышпен де сенімді және қауіпсіз ұша алады", – деді ол.
Сондай-ақ пилот құспен соқтығысқан жағдайда биіктіктің шешуші рөл атқаратынын айтты. Егер екі қозғалтқыш та төмен биіктікте зақымданса, экипаж "өте қысқа уақыт ішінде көптеген шешім қабылдауға мәжбүр болады".
Ол шасси мен жапқыштарды басқарудың қосалқы жүйелері бар екенін айтты. Бірақ Кингсвудтың айтуынша, "егер [экипаж мүшелері] бірнеше мың фут қана биіктікте болса, олар шынымен де ұшақты басқаруға және оны қауіпсіз қондыратын орынды іздеуге назар аударуға мәжбүр".
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2207096-ongtustik-koreiadagy-aue-apaty-boing-shassii-nege-shyqpai-qalgan/